Автотұрақ мәселесін шешпек

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Тараз темір жол вокзалының алдындағы көлік тұрағы 60-70 көлікке шақталған. Ал онда тұратын көліктердің 60-70 пайызы сол маңда жұмыс істейтіндердің, яғни көпшілігі теміржолда еңбек ететін қызметкерлердің көліктері.

Ал вокзалға күтіп алуға, шығарып салуға немесе билет сатып алуға келетін азаматтар тұрақта орын болмағандықтан, көліктерін жол бойына қаңтарып қоюға мәжбүр. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ дерсіз. Бірақ жол бойында тұрған сол көлік иелері өңірдегі жол полициясы қызметкерлерінің «ашу-ызасын» тудыруда. Өйткені, мұнда көліктердің аялдауына, тұруына тыйым салатын жол белгілері қойылған. Аталған жайт туралы Тараз қаласының тұрғыны Исламбек Дастан:

«Теміржол вокзалындағы автотұрақтың ахуалы былай тұрсын, көпшілік полицейлердің «май шелпегіне» айналып кетті. Неге олай, қашанға төзе береміз? Шаршатты! Салық төлейміз, одан қоймай «дұрыс тұрмадың» деп, тағы да айыппұл төлеуге мәжбүр етеді. Неге теміржол вокзалы маңында келіп-кеткен жолаушы халықтың көліктерге арналған тұрақ мәселесін шешуге болмайды?» деп сауал жолдайды. Қоғам белсендісі жергілік ті шенеуніктердің пойызбен жүрмейтіндіктерін, сондықтан проблеманы көрмейтінін сынға алған.

«Мен көтеріп отырған мәселені күн тәртібіне шығаруды ұсынамын. Өйткені, көлігіміз жол бойында тұрған 10-20 минут үшін 10 АЕК көлемінде төлей берсек, неміз қалады?», – деп налиды ол.

Тараздықтардың жанайқайына қатысты қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов жауап беріп, теміржол бекеті алдындағы жол қозғалысы бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады.

«Осы мәселенің негізінде «Тараз ӘКК» арнайы жоспар-кестесін түзді. Соған сай бұл аймақта 5 шлагбаум орнатылмақшы. Онда карточкалық жүйе іске қосылады. Ол бойынша келушілерге арнайы карточка таратылып, ол жарты сағат аралығында келушілерге тегін одан әрі ақылы түрде қызмет көрсетеді. Ал сол маңдағы мекеме қызметшілеріне арнайы автотұрақ салынады. Қазіргі кезде бұл жобаның құжат жұмыстары жүргізілуде», – дейді жергілікті билік өкілі.