«Күту парағы» құтқарған

 Электрондық теміржол билеттерін брондау бойынша бірыңғай «Күту парағы» енгізілген кезден бастап, билет таба алмай жүрген талай адамның жолы болып, талай адамды қиындықтан құтқарған.

Айталық, жаңа жүйе іске қосылған кезден бері, яғни ағымдағы жылдың үш айында бұл қызметті 265 мыңнан астам қазақстандық пайдаланыпты. Толықтай алғанда 2019 жылдың 8 айында шамамен 12,1 млн электронды теміржол билеті сатылды. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ресми сайты – bilet.railways.kz арқылы 2,7 млн электрондық билет сатуға шығарылды.

Бірыңғай «Күту парағы» қажетті билет жоқ кезде жолаушыға электрондық кезекке тұруға мүмкіндік беретіні белгілі. Бос орындар пайда болған кезде жүйе жолаушының электрондық поштасына хабарлап ақпараттандырады және билетті сатып алуға екі сағат уақыт береді. Егер билет дер кезінде сатып алынбаса, онда ол жүйеге қайта түсіп, сатып алу мүмкіндігі тізімдегі келесі күтіп отырған адамға ұсынылады.

Жаңа жүйе сатып алып сатушылар қолдан жасайтын жол жүру құжаттарының тапшылығын төмендетуге ықпал етеді.