Инновациялық вагондар біліктілікті талап етеді

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Инновациялық жылжымалы құрамдар. Бүгінде жылдан-жылға жаңарып жатқан жүк вагондар паркі, әсіресе Ресейде шығарылған құрамдармен толығып, кеңінен қолданылуда. Осыған байланысты вагон қараушылар алдында заманауи жылжымалы құрамдардың құрылымы мен ерекшеліктерін оқып меңгеру міндеті тұр.

Сондықтан бүгінгі таңда техникалық сабақтарда олар осы жүк көтергіштігі жоғары вагондардың құрылымын оқып меңгеруде. Таяу болашақта оське түсетін жүктемесі 25 тоннаны құрайтын ауырсалмақты вагондар ТМД елдері аумағында қатынайтын болады деп болжамдануда. Қазіргі қолданыста жүрген вагондардың жүктемесі 23,5 тоннаны құрап отыр екен.

Инновациялық вагондарды пайдалануға еліміздің теміржол инфрақұрылымы дайын ба деген сауалымызға, вагон шаруашылығы мамандары жаңа буын жылжымалы құрамдарының Екібастұз – Алматы, Екібастұз – Қарағанды телімдерінде сынақтан өтіп, тексерілгенін атап өтті. Мамандар сөзіне қарағанда, мұндай вагондар ауырсалмақты жүктерді тасымалдағанда тиімді көрінеді, себебі, оған 75 тоннаға дейін жүк сыяды. Тағы бір артықшылығы, ол вагондардың ұлғайтылған жөндеуаралық жүрісі екен. Яғни, бір жоспарлы жөндеуден кейін вагон келесі жөндеуге дейін ағытылып алынбастан пайдаланылады, осыдан-ақ оның ресурсының мейлінше ұлғайтылғанын байқаймыз.

Қазір вагон пайдалану деполары күзгі комиссиялық байқау сынынан сүрінбей өтуге барын салып, анықталған кемшіліктерді түзетуге кіріскен. Солардың қатарындағы 400-ден астам вагон қараушы жұмыс істейтін астаналық вагон пайдалану депосы да қатал маусымда қауіпсіз еңбек етудің қыр-сырын тағы бір пысықтап, қалтқысыз қызмет көрсетуге тастүйін дайындалуда. Бұл депо төрт бағыттан, яғни Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Қостанайдан келетін құрамдарды тексеріп, шығарып салады. Егер әлдебір күдік тудырған вагондар болса, ағытып алып ағымдық жөндеуге жібереді.

Астана вагон пайдалану депосының бас инженері Олжас Рыспаев вагондарды тексеру жұмыстары 12 позициясы бойынша жүргізілетінін айтады. Осы ретте, вагон қараушының бас көмекшісі ретінде бірінші кезекте құралдардан балғасы, екіншіден, қырағылық, жақсы есту қабілеттері болуы керек. Әсіресе, есту қабілеті өте нәзік болуы тиіс, онысы вагон жағдайын балғамен ұрып, даусын анықтағанда өте керек болады. «Вагон қараушылар жұмысы аса жауапты. Кез келген иненің жасуындай ақаудың салдары үлкен ауыр оқиғаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз вагон қараушылардың техникалық сабақтардан тегіс қалмай қатысуын қатаң назарда ұстаймыз. Жаңадан жұмысқа тұрған жасы болсын, ересегі болсын мамандарды тәжірибелі вагон қараушылардың қасына бекітеміз. Жұмысшылар ауысымға түскенде міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Өйткені, біздің жұмыс пойыздардың қозғалысымен тікелей байланысты», – дейді Олжас Рыспаев.

Жалпы вагон пайдалану деполарында техникалық сабақтар аптасына екі мәрте өтеді екен. Оқу бойынша тәжірибелі шеберлер өздерінің дағдыларымен, кәсіби біліктіліктерімен, ұзақ уақыттан бергі жинаған тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қатар вагондардың ақаулығына байланысты болған төтенше жағдайлар техсабақтарда ортаға салынып, талқыға түседі. Және де вагон қараушыларға әртүрлі ақаулар туралы, вагонның әртүрлі жүріс бөліктеріне жөндеу жүргізу туралы тәжірибе ақпарат бөліскен бейнефильмдер көрсетіліп, туындаған сұрақтарға жауаптар беріледі. Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысатын вагон қараушылардың еңбегін елеп, мадақтап көтермелеу жағы да вагон шаруашылығында оң жолға қойылған. «Бүйір рамасы» айлығында ерекше еңбегімен көзге түсіп, күрделі ақауларды анықтаған вагон қараушылар әртүрлі марапаттарға ұсынылып, ақшалай сыйақы алып келеді.

«Вагон қараушылардың жаздық, қыстық аяқ киім, үстіңгі киіммен, жеке құралдармен қамтамасыз етілуі басты назарда. Қысыжазы далада жұмыс істейтін қызметкерлеріміздің еңбек демалыстары кезінде шипажайларға барып, демалып, денсаулықтарын жақсартып қайтуларына жолдамалар беріліп тұрады. Яғни, еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптары толықтай орындалады. Қазір қыстық киімдерді алып жатырмыз. Мұнымен қатар «алғаш қыстаушыларды» қосымша сабақтар өткізіп, қатал маусымда жұмыс істеуге дайындадық», – деп түйіндейді сөзін Астана вагон пайдалану депосының бас инженері.