Семейлік сала қызметкерлері сенбілікке шықты

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Теміржолға қарасты нысандар мен ғимараттар ғана емес, шаһар ішін көктей өтетін желі бойының қос қапталы да талапқа сай болуы тиіс. Семейлік сала қызметкерлері жуырда бір кісідей жұмылып күзгі сенбілікке шығып, осы желі бойына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалпы көктемде және күзде экология айлығын өткізуді дәстүрге айналдырған Семей ЖТ бөлімшесі бойынша бұрынсоңды мұндай ауқымды сенбілік ұйымдастырылған жоқ десе де болғандай. Себебі, желі бойындағы сенбілікке жалпы саны мыңға жуық теміржолшы қатысып, ымырт үйірілгенге дейін жұмыс жасады. Барлық теміржол мекемелері мен еншілес кәсіпорындар филиалдарының қызметкерлерін сенбілікке бастама иесі болғандықтан бөлімше басшысы, қалалық мәслихат депутаты Марлен Көкірекбаев өзі бастап шыққан болатын. Сонымен қатар, Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшылығы да экологиялық шараға белсене қатысып, алда жүрді. – Сенбілік барысында теміржол мекемелері мен қалалық әкімдік тарапынан берілген жалпы саны 7 техника үзіліссіз жұмыс жүргізді. Қала ішіндегі 20 шақырымға дейін созылатын желі бойының қос қапталы толықтай тұрмыстық қалдықтар мен күлтөкпелерден, қураған бұталардан, құрылыс қалдықтарынан тазартылды, – дейді сенбілік белсендісі, Семей ЖТ бөлімшесінің өндірістік қауіпсіздік қызметі бөлімінің басшысы Сәкен Жұмаділов. Бұл күні семейлік теміржолшылар қала сыртындағы қоқыс полигонына ауыр жүк көліктерімен тонналаған қоқыс шығарды. Сонымен қатар, сенбілік барысында жергілікті учаскелік полиция инспекторлары желі бойындағы жер үйлерге түгелдей кіріп, түсіндіру жүргізіп, осыған дейін ескерту алған, қоқыс тасымалдаушы мекемелермен келісімшарты жоқ тұрғындарға айыппұл салды. Қалалықтардың теміржол бойын заңсыз қоқыс орнына айналдыруы ендігі аралықта қатаң бақыланатын болады. Мұндай шараларды алдағы уақытта да жүргізу жоспарланып отыр.