Дегелеңдегі доп додасы

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты Дегелең станциясында футболдан станция біріншілігі болып өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жолғы дәстүрлі додаға жергілікті теміржолшылардан іріктелген 5 команда қатысты.

Станцияның іргесіндегі футбол алаңында өткен сайысқа жалпы саны 50 шақты сала қызметкері қатысқан болатын. Барлық командалар алма-кезек бір-бірімен қарымта байқасып, толық айналым бойынша ойнап шықты. Тек біріншіліктің соңына қарай ақтық финалға жолдама алған командалар өзара кездесу өткізді.

Тартысты әрі мейлінше қызық ойын барысында Талғат Баширов жетекшілік ететін Дегелең станциясының ойыншылары мен «ТД-18 Дегелең» айналым депосының жігіттері шиеленісті ойын өрнегін көрсетті. Сол тәрізді жергілікті вагон қараушылар да «оңай шағылатын жаңғақ» еместіктерін дәлелдей білді.

Әйтсе де, бесін ауа сайыс барысы ақтық финалға ұласып, кіл мықтылар ғана жасыл алаңда қалды. Жанкүйерлердің қиқу қосуымен қыза түскен ойын барысында бас жүлдені барлық командалардан басым түскен «ТД-18 Дегелең» айналым депосының Әсет Бұтабаев бастаған ойыншылары жеңіп алды.

Ал екінші ойынға талас барысында ВЧД-23 мекемесінің теміржолшылары үсті-үстіне шабуылдап, станция біріншілігінің «күміс жүлдесіне» ие болды. Жүлделі үшінші орынды Дегелең станциясының ойыншылары алса, төртінші орынға ШЧ-29 электромонтерлары тұрақтады. Бесінші орын ұпай саны бойынша өзгелерге есе жіберіп алған жергілікті ӘТЖК жігіттеріне бұйырды.

Барлық жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен және арнайы кубоктармен марапатталып, жанкүйерлер қошеметіне кенелді.