Арыстың бас қақпасы ашылды

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Өткен аптада Арыс қаласы бас қақпасының салтанатты түрде ашылу рәсімі болып өтті. Қалаға кіреберіс қақпа көркемдігімен көз тартып, Арыс шаһарының тағы бір сәулетті туындысына айналды. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын мойнына алып, қаржыландырған – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы.

Бас қақпаның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев, кәсіподақтың Шымкент филиалының төрайымы – орталық кеңес мүшесі Нағима Салықбаева арнайы қатысып, тұрғындар қуанышымен бөлісті. Облыс әкімі өз сөзінде бас қақпаның құрылысын қаржыландырған еліміздің Кәсіподақтар Федерациясы басшылығына алғысын жеткізді.


Айта кетейік, Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі теміржол торабы, ежелден теміржолшылар қонысына айналған қала. Қақпаның бой көтеруіне теміржолшылар кәсіподағы да өз үлестерін қосты.

«Өздеріңіз білесіздер, маусым айындағы жа рылыстан кейін Арыс қаласы үлкен зардап шекті. Алайда содан бері үш айдың ішінде қала қайта жаңғырып, жаңарды. Көптеген ғимараттар мен тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір қаланың өзіне тән қайталанбас, айрықша келбеті болады. Арыс қаласына кіреберіс қақпа сондай нысан болады деп ойлаймын. «Театрды киім ілгішінен таны» демекші, оны теміржолшылар қаласына келген әрбір адам бағалайды деп сенемін. Қаланың Бас қақпасының салыну тарихында теміржолшылардың да қолтаңбасы қалғанына қуаныштымыз», – деді кәсіподақтың Шымкент филиалының төрайымы, өзі де осы Арыс қаласында туыпөскен Нағима Салықбаева.

Ашылған қақпадан алғаш болып облыс әкімі, кәсіподақ басшылары, «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы мен ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары мен теміржолшылар жүріп өтті.