Даму дәуіріне бетбұрыс

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылдың 11 қазанында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюмнің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтті. Онда жуырда ғана тағайындалған жаңа басшы бір ай ішінде атқарылған жұмыс қорытындысымен таныстырып, теміржол көлігіндегі жолаушылар тасымалын әрі қарай дамыту жоспарымен бөлісті.

«Жолаушылар тасымалы үлкен компания, онда 13 мың адам жұмыс істейді. Менің басты міндетім компания қызметімен тереңірек танысу болды. Вагондарды ұсыну қызметімен, қаржылық көрсеткіштермен таныстым. Жабдықтау бағыты, билеттер сатылымы, әрине, кадр мәселесіне де айрықша мән бердім. Сонымен қатар «ҚТЖ» компаниясының орталық аппаратымен танысып, министрлікте көп кездесулер болды» дей келе, Михаэль Кортюм «жүз рет естігеннен бір рет көргенді» жөн санап, жолаушылар тасымалының тыныс-тірлігімен жақын таныспақ ниетте пойызбен сапар шегіп, бірқатар аймақтық кәсіпорындарды аралағанын да айтты. Алдымен Алматыға ат басын бұрып, онда вагондарды рейске дайындау процесімен, оларды жөндеу және жуу технологиясымен танысып, мекеме ұжымымен жүздесіпті.

Кездесуде жөндеу және жуу жабдықтарын жаңалау қажеттігіне, саланың кадрлық әлеуетін жетілдіруге басымдық берілген. Бұдан кейін Павлодарға барған Кортюм алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де пойызбен сапарлауын жалғастыратынын жеткізді. Тальго және стандартты пойыздармен жүріп өткен жаңа басшы вагондардың таза, жолсеріктердің сыпайы екенін сөз етті. Жаңа қызмет тізгінін ұстаған бас директор бір ай ішінде жабдықтаушылармен де кездесіп, олар ұсынып отырған қызметтің қыр-сырына қаныққанын, сондай-ақ, «Инста пэймент» компаниясындағы әріптестермен ІТ-технология тақырыбында әңгімелескендерін айтты.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жетекшісі, алға қойып отырған нәтижелерге қол жеткізу үшін және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін вагондарды жөндеу және сатып алу жағын жеделдету, билеттерді сату жүйесін жақсарту, өндіріске ІТ-технологиясын батыл енгізу, сондай-ақ, ішкі корпоративтік мәдениетті күшейту қажет екенін атап өтті. Мұның бәрі жолаушылар тасымалын дамытуға арналып жасалып жатқан Жол картасы стратегиясында көрсетілген. 

«Бізде «тез қол жеткізетін жеңістер» және ұзақмерзімді уақытқа арналған стратегия бар. Алдағы күндері бізге екі міндетті шешу керек, оның бірі пойыздардағы төсек-орындарды жаңалау, екіншісі келесі жазғы маусымға дейін вагондар жетіспеушілігін жою. Ұзақмерзімді уақытқа паркті жаңарту, вагондарды жөндеу, ақпараттық жүйесінің жұмысын жақсарту міндеттері тұр», – деп атап өтті Михаэль Кортюм.

Бұл межелі міндеттердің жүзеге асуы теміржол жолаушылары тасымалының тиімділігін арттыруға, пойыздарда қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.

«...Мен пойыз бригадаларымен қатар жолаушылармен де көп әңгімелестім. Адамдардан белгілі бір шағымдар бар. Сол себепті біз сервис сапасын жақсарту үшін жаңа жабдықтаушылармен жұмыс істеуді бастаймыз. Өйткені, адамдар теміржол арқылы жолға шыққанда, сапардан жағымды әсер алып отыруы керек», – деді Михаэль Кортюм.

Компания қазірден бастап вагон паркін жаңартуға кірісе бастаған сыңайлы. Кортюм мырзаның айтуынша, осы айдың соңына дейін заманауи талаптың бәріне толықтай жауап беретін 23 жаңа ресей вагоны келмек.

«Біз «Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясын мейлінше «жасыл» компанияға айналдырғымыз келеді. Менің ойымша, заманауи вагондар көмірмен жылытылмауы керек, олар экологияны ластамайтын дискілік тежегіштермен болуы тиіс. Біз осы бағытта белсенді жұмыс істейтін боламыз», – деп ақпар берді Михаэль Кортюм.


Бұдан кейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюм мен акционерлік қоғамның баспасөз-хатшысы Диас Ахметшәріп журналистер сұрақтарына жауап берді. Осы жылдың қыркүйек айында билет бағасының өсуіне қатысты Диас Ахметшәріп: «Біз ұлттық тасымалдаушы ретінде нарықтағы жолаушылар тасымалының 80% жауып отырмыз, қалған 20 пайызы жекеменшік тасымалдаушылар еншісінде. Жыл сайын біз 120 бағдарға қызмет көрсетеміз, 50 бағдар жолаушылар тасымалына, 70 бағдар қала маңына қарайды. Соның ішінде, 50-дің 39-ы – әлеуметтік маңызға ие бағдарлар, 11-і – коммерциялық бағдарлар. Бізде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы әлеуметтік маңызға ие бағдарларды субсидиялауға қатысты ұзақмерзімді келісімшарт бар. Осы келісімшартқа сәйкес, яғни әлеуметтік маңызға ие бағдарлар мемлекет тарапынан субсидияланатын болғандықтан, бізде жыл сайын тарифті көтеру қарастырылған. Біз есеп айырысулар жасап береміз, ал құзырлы орган тарифті көтеру туралы бұйрық шығарып, хат жібереді. Осылайша, қыркүйек айында 28 әлеуметтік маңызға ие бағдарда тариф 10% көтерілді. Бұл – жыл сайын болатын процедура», – деп жауап берді.

Ал журналистердің ұзақмерзімді стратегияда қарастырылатын вагондарды көмірсіз жылыту мәселесіне қатысты Кортюм мырза: «Естеріңізде болса, елордада өткен ЭКСПО көрмесінің тақырыбы да жасыл энергетикаға арналды. Қазір әлем бойынша қоршаған ортаны қорғау тақырыбы дискуссияға айналып отыр. Екі-үш апта бұрын АҚШта климатконференция өтті. Бүкіл ел қоршаған ортаны қорғау бағытында шаралар қабылдауда. Мен де «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан жасыл экология миссиясына өз үлесімді қосқым келеді.

Бұл жерде екі мүмкіндік бар. Біріншісі, дизельді тепловоздарға фильтрлер қоя аламыз, екінші техникалық мүмкіндіктер, яғни қуат көзімен жылынатын вагондармен жүре аламыз. Біз осы мәселелер бойынша жұмыс істейтін боламыз», – деп жауап берді.