Кезек өткелдерге келді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі күзгі бақылау жұмыстарын аяқтады. Станциялардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселесі толықтай реттеліп тұр. Биылғы жылы жөндеуге кіргізілген қар тазалау техникалары да қайта сапқа қойылған.

Күзгі бақылау жұмыстары Әйтеке биҚандыағаш, Қандыағаш-Сағыз, ЖемҚандыағаш, Қандыағаш-Ақтөбе, АқтөбеЖайсаң, Шалқар-Сексеуіл, Шалқар-Жем, Шалқар-Тассай, Жайсаң-Илецк, ИлецкШыңғырлау, Шыңғырлау-Қазақстан, Қазақстан-Орал учаскелерінің барлығына, шамамен 2,5 мың шақырым телім бойына жүргізілді. Ақтөбе мен Орал бөлімшелерінде орналасқан барлығы 131 қазандық жылыту маусымына дер кезінде дайын болған. Оның ішінде 32 қазандық газбен, 52 қазандық көмірмен, 42 қазандық электрмен және бесеуі дизель отынымен жылытылады. Қазандықтың барлығы жөндеу жұмысынан өтіп, бүгінде жылу бере бастаған. Ақтөбе бөлімшесіндегі жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері ақпарат берді.

«Жалпы, жылыту маусымына дайындық әлі жүріп жатыр. Коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау жұмыстары жоспарға сай. Қазіргі кезде техникалық көмір тасымалданып жатыр», – дейді бас инженер Сәндібек Аманбаев.

Бөлімше бойынша қар тазалайтын және жинайтын барлығы 59 техника бар. Биыл жоспар бойынша үш қар тазалау техникасы жөндеуден өткізілген. «Осыған дейін қыста пойыздардың кідіру оқиғасы болған емес. Алдағы қысты да ойдағыдай өткіземіз деген ойдамыз. Жол бойындағы 60 шақырым болатын қар ұстауға арналған қалқан шарбақтар жөнделді. Ал жұмысшылар үшін қысқы киімдер 90 пайыз келіп болды», – дейді бас инженер. Биыл өңірде 23 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бершүгірде 8 шақырым, Тамды-Ақтөбе аймағында 15 шақырым жол жөнделді. Қазір кезек өткелдерге келді, бөлімшеге қарасты барлық өткелдер тексеріліп жатыр.