Үш вагон жолдан шығып кетті

Қазанның 6 күні кешкі 21 сағат 05 минутта Алматы – Отар телімінің Жиренайғыр – Қопа аралығында жүріп келе жатқан №3741 жүк пойызының үш вагоны жолдан шығып кетті.

Абырой болғанда жапа шеккен немесе қаза болған адам жоқ. Тек осы оқиға салдарынан 9 жолаушылар пойызы кідіруге мәжбүр болған. Оқиға салдарын жоюға Алматы станциясының қалпына келтіру пойызы жедел жетіп, іске кіріскен. Нәтижесінде түнгі 1 сағат 35 минутта, яғни 4 сағат 40 минуттан соң Жиренайғыр – Қопа аралығындағы тақ жол бойынша барлық пойыздар қозғалысы ашылып, олардың жүру жылдамдығы сағатына 15 шақырымды құраған. Оқиға орнында жұмыс бір сәтке де тоқтамаған, түнімен жүрген, тек таңғы сағат 4-те апатты жағдай орын алған аралықта пойыздар қозғалысы толық қалпына келтірілген. Вагондардың жолдан шығып кетуіне жүк вагонының бүйір рамасының сынып кетуі себеп болуы мүмкін деген жорамал айтылуда. Нақты себеп-салдарын арнайы тексеріп жатқан комиссия анықтайтын болады.