Жас жолшының мерейі

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Қыркүйек айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында «Жас үздік маман» кәсіптік республикалық байқауының ақтық сайысы өткені белгілі. Сол байқауда Атырау жол дистанциясының жол жөндеушісі Нұрболат Қорғанбаев жүлделі үшінші орынды иеленді. Оған еліміздің әр түкпірінен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы бойынша іріктеліп алынған 12 жол монтері қатысқан болатын.

Байқау ережесіне сай әуелі 25 сұрақтан тұратын теориялық білімді анықтайтын тест өткен. Оған Нұрболат 100% дұрыс жауап берген. Содан кейін жолшылардың атқаратын жұмысы бойынша техникалық процестерді және технологиялық әдістерді дұрыс қолдану тәртібі бағытында үш түрлі сынақ тапсырмалары өткен. Осы сынақтарды жақсы тапсырған ол сайыс қорытындысымен үшінші орынды иеленіп, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Нұрболат темір жолда, соның ішінде жол дистанциясында 2011 жылдан бері қатардағы жолшы болып еңбек етіп келеді. Ол өз ісіне мығым, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Шойын жолдың әр миллиметрін қадағалап, шпалдардың жай-күйін, бұрандалардың беріктігін, жалпы қауіпсіздікті жете бақылап жүретін жас маман. Ол – отбасылық династияны жалғастырушы. Аталары Жанат пен Қорғанбай еңбек жолын 1936 жылы темір жолдан бастаған екен. Содан бері бұл әулетке теміржолшы кәсібі тұрақтаған. Әкесі Боран да 40 жылдың үстінде еңбек етіп келе жатқан нағыз майталман теміржолшы, бүгінде зейнеткер. «Ата-баба жолын жалғастырып, темір жолдың тарланы болып келе жатқан Нұрболаттың жеңісі – бүкіл Атырау магистральдық желі, соның ішінде Атырау жол дистанциясы үшін үлкен мерей. Алда да еңбегі өрге жүзе берсін» дейді дистанцияның кәсіподақ төрағасы Нұран Есенов.

Мұқыр станциясында туып-өскен және қазір сол жердегі учаскеде жұмыс істейтін Нұрболат әлі жас, сондықтан алдағы арманы – білімін жетілдіріп, іздену.