Ардагерлерге құрмет – бүгінгі буынның қасиетті парызы

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ғасырдан ұзақ тағылымды тарихы бар Қазақ темір жолының дамуына бүкіл өмірін сарп еткен ардагерлерге құрмет – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшылығы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы күні кеше осы салада ерлікке пара-пар еңбек етіп, шойын жолды бүгінгі буынға аманаттаған тоқсан жастағы бірнеше қарияға сый-сияпат жасады.

Ардагер теміржолшыларды халықаралық қарттар күнімен құттықтаған басшылық атынан Ақтөбе ЖТ бөлімшесі директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Еділ Шаимов бастаған топ ғасырға жуық жасағандардың үйіне барып, апарған сәлем-сауқаттарын беріп, қариялармен әңгіме-дүкен құрып қайтты. Мұқтаждықтарын да сұрауды ұмытпады. Тоқсанның екеуіне шығып отырған Жолдыбай Тілеулі атамыз қуатты екен. Еңбекке 14 жасынан араласқан. Соғысқа баруға жасы жетпеген соң ел ішінде еңбекке араласады. Пойыздар бір сәтке де кідірмес үшін бала-шаға, кемпір-шал қақаған қыста теміржол бойындағы қарды жалаң қолдарымен тазартқан сұрапыл жылдарды ешқашан ұмытқан емес. Соғыстан кейін теміржолдың әскери күзет саласында еңбек еткен. Кейін білім алып, станция басшылығына дейін өскен. «Әкеміз соғыз жылдарында қақаған қыстың күндері жалаң қолдарымен мұз оятындарын жиі айтып отырады. Бүгінгі бейбіт, тоқшылық заманға шүкір етіп «сендер бақыттысыңдар» деген сөзді аузынан тастамайды», – дейді қарияның қызы Алтынай Тілеулеева.

Ал бүгінде 96 жасқа қараған Дәметкен апамыздың еңбек жолы да соғыстың қайнап тұрған кезінде, 1943 жылы басталған екен. 19 жасында станциядағы ең мықты бағыттаушылардың бірі болады. Кейін Қазалы қаласындағы техникалық мектепті тәмамдап, станция кезекшісі болып жұмыс жасайды. Шалқар ауданындағы №62 Тобылғысай разъезінде 1974 жылға дейін отыз жыл станция кезекшісі болған. Алты бала тәрбиелеген қарт ананың ұлдары да осы теміржол саласында еңбек етіп, қазір зейнет жасына шығып отыр екен.

«Біз жұмыс талғаған жоқпыз. Соғыс кезінде теміржолда жұмыс жасадық. Ертелі-кеш өміріміз шойын жолдың қара жұмысын атқарумен өтті. Көмірді арқалап жүріп таситын едік. Міне, сол еңбек денсаулығымызды құрыштай шыңдаған болар, әлі күнге сынбай келе жатқанымыз», – дейді қарт теміржолшы Дәметкен Әлмұратова.

Оншақты ардагердің шаңырағына бас сұққан басшылар қарияларға сый-сияпат жасап, жылы ықыластарын білдірді.