Намысты қолдан бермеді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семей темір жолы бөлімшесінде жастайынан спортты серік еткен құрыш білекті теміржолшылар жетерлік. Солардың бірі – НЖС-6 Семей жол дистанциясының дефектоскопиялық арба операторы Аманжол Аусыдықов жуырда облыстық деңгейде ұйымдастырылған, гір тасын көтеруден өткен сайыста топ жарып, жүлдегер атанды.

Биылғы Жастар жылы аясында өткізілген облыстық сайысқа шығыс аймақтағы барлық іргелі мекемелерден арнайы өкілдер қатысқан болатын. Ал теміржолшылар атынан осыған дейін де талай рет жоғары жетістіктерімен танылып жүрген «сегіз қырлы, бір сырлы» жолшы жігіт Аманжол Аусыдықов қатысып, бақ сынады. Аманжол шаңғы спортынан ұлттық компания чемпионы атанған. 40-44 келі салмақта сынға түскен жолшы жігіт әскери қызметкерлерді, полиция және төтенше жағдайлар сарбаздарын да артқа тастап жүлдегер атанды. ҚТЖ намысын қолдан бермеген жеңімпаз жігіт қазылар алқасының да көңілінен шығып, арнайы грамота мен сыйлықтың, төсбелгінің иегері атанды.

Аманжолдың бұл жетістігі оның жанкүйерлері, семейлік теміржолшылар қауымын риза етіп, көпшілік «бәрекелді, жігіт екен, намысты қолдан бермеді» десті.

– Ендігі аралықта жұрт біздің жолшылар қауымының қандай жігіттерден тұратынын білетін болады, – дейді аталмыш бәсекені тамашалаған, Семей магистральдық желі бөлімшесінен барған Аманжолдың жан-күйерлері.