«Жас үздік маман» сайысынан жеңіспен оралды

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қазалы жол дистанциясының жол жөндеушісі Жолсерік Мейрімханов Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жас үздік маман» біліктілік сайысынан жеңіспен оралды.

Алматы, Атырау, Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Шымкент, Ақтөбе, Астана және Қызылорда бөлімшелерінің жас теміржолшылары қатысып, өзара бақ сынасқан білімгерлер сайысынан жүлделі 2-орын иеленіп қайтқан үздік маман елорда сапарынан алған әсерімен бөліскен болатын.

– Еліміздің әр түкпірінен жиналған жастар кәсіби білім сайысында нағыз мықтыны айқындау үшін білім-біліктерін ортаға салды. Қызылорда өңірінен барған мен де аянып қалғаным жоқ, тәлімгерлерім мен ұжымдастарымнан үйренгенімді сынға салып, маған артқан сенімін ақтауға тырыстым. Жалпы, жиналғандардың бәрі шетінен таңдаулы, білімді, өз жұмысын жақсы игерген жалындаған жастар болды. Дегенмен солардың арасынан менің де бағым жанып, сәл ғана сәтсіздік болып, жүлделі 2-орынды иеленіп, абыроймен оралғаныма қуаныштымын, – деді бөлімшенің үмітін үкілеп барып, ең үздік жол жөндеуші марапатын қанжығасына байлап келген Жолсерік Мейрімханұлы.

Алғаш 25 сұрақтан тұратын тест сауалының жиырма төртіне дұрыс жауап берген Жолсерік алғашқы кезеңнен-ақ қазылардың назарына іліксе керек. Келесі айналымдағы практикалық сайыста да алдыңғы топ құрамында тапсырмасын орындап шығып, одан кейінгі ситуациялытеориялық тапсырманы оңай жолмен шешіп, жүлделі орыннан дәмелі екенін байқата біліпті. Сайыс болғандықтан бір сауал оңай тисе, екіншісіне терең ойланып, тәжірибесі мен зердеге түйгеніне жүгініп, жауаптың ең дұрысын сараптап таңдау – сайыскерлерге оңай тимегені айқын. Үміт күткен әріптестерінің сенімін ақтау керектігі де салмақ.

Дегенмен сайыстың әр сатысынан алға жылжыған сайын өзіне деген сенімі күшейген Жолсерік әріптестерінен оқ бойы алға шығып, талайын қапы қалдырып жүлдеге қол жеткізді, әрине ең бастысы ұжымдастарының үмітін ақтай білгеніне қуанды.

Жолсеріктің Қазалы жол дистанциясының 5-айналымының жол жөндеушісі болып жұмыс жасағанына биыл төртінші жыл. Оның тәлімгері 2-өндірістік телім бастығы Амантай Қосанов та ұжымдағы тәжірибелі, білікті теміржолшы. Ұстазына қарап шәкіртін тануға болады. Талапшыл, ізденімпаз тәлімгер Амантай Жолсеріктің табандылығына тәнті болып, шәкіртін мақтан тұтатынын білдірді.

– Қазір біздің бөлімшедегі теміржол саласында жұмыс жасайтын жастардың көбін білімді деп айта аламын. Жолсерік жұмысқа алғаш келген кезден бастап-ақ теміржолшы кәсібіне аса жауапкершілікпен қарайтын, өзіне бекітілген тапсырмаларды тыңғылықты атқаратындығымен назарымды аударған еді. Жастардың арасында өткізілген додаға сенім артып жөнелтіп едік, бөлімшенің абыройын аспандатып оралды. Алдағы уақытта, қиын да аса жауапты кәсіби жұмысында да осы жетістігін ілгерілетіп, әріптестеріне үлгі болуына тілектеспіз, – деді тәлімгері Амантай Қосанов.