«Маңғыстау-Алматы» пойызының жаңа вагондары

Оңтүстік астанамыз ару Алматы мен маңғаз Маңғыстау арасына қатынайтын жолаушылар пойызының су жаңа вагондармен толыққаны түбек халқы үшін үлкен жаңалық болды. «Жаңа вагондар керемет екен, ішінде не қажеттің бәрі бар, жолаушыларға ұшақтағыдай жағдай жасалады» деп тамсанып жатыр оның игілігін көзбен көрген халық.

Әрине, бұрын-соңды мұндай инновациялық жаңа вагондар қатынап көрмеген Маңғыстау жұрты үшін бәрі таңсық екені рас. Жолаушылардың бірі жаңа вагонда билет бағасы қымбат десе, енді бірі кестесі де өзгеріпті деп естігенін айтады. Сондықтан «жақсыны көрмек үшін» деген, мың естігеннен бір рет барып көзбен көру үшін және мәселенің анық-қанығын білмек болып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімі бастығына хабарласқан едік.

– Бізге жаңа вагондар 8 қыркүйекте келді. Яғни, 9 қыркүйектен бастап жолға шықты. Алғашқы лекте келгені 8 плацкарт вагон, қазан айында тағы 8 плацкарт вагон аламыз деп отырмыз. Сонымен «Маңғыстау-Алматының» екі құрамындағы плацкарт-вагондар түгел жаңаратын болады. Осы жерде, халыққа айта кететін жайт, көпшілік жаңа пойыз шықты деп жүрген көрінеді. Пойыз емес, жаңа вагондар ғана қосылды. Пойыз сол бұрынғы, өзінің баяғы жолы, бұған дейінгі қалыптасқан кестесімен жүріп жатыр, – деп ақпар берді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Маңғыстау телімінің бастығы Батыр Тілімбаев.

Отандық өндірістен шыққан Тальго типті вагондар шынында керемет, көздің жауын алады. Плацкартты вагондардың жобасы бұрынғы вагондардай, бірақ сервис мүлдем бөлек. Мұнда биодәретхана, кондиционер, қауіпсіздік үшін бейнебақылау, қалта телефонын қуаттауға арналған құрылғы бар және төсек-орын, есіктерезе, тұтқаларына дейін жаңа дизайнмен жасалған ыңғайлы да әдемі. Бейнебақылау арқылы жолсерік өз орнында отырып-ақ бүкіл вагондағы жағдайды бақылап отыруына мүмкіндік бар.

Телім басшысының айтуынша, барлық қолайлылық жасалған бұл вагондар қазір «Алматы – Маңғыстау» жолаушылар пойызының Бауыржан Дәрібаев пен Жасұлан Ержанов басқаратын бригадасына берілген. Ендігі келетін вагондар екінші құрамға қосылады. Сонда Маңғыстаудан Алматыға қатынайтын вагондар 28-ге жетеді екен.