Қысқа қамданыс қалай?

«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалдары қатарында Магистральдық желі дирекциясы да шаруашылықтарын қатал маусымда жұмыс істеуге дайындауда. Теміржолшылар өз жұмысында Компания басшылығының 2019-2020 жылдың қыс мезгіліне дайындық шаралары түзілген жоспарын негізге алған. 

Дирекцияда биыл алғаш рет қыс маусымында жұмыс істеуге кіріскелі отырған жаңа мамандарға айрықша көңіл бөлінген. Биыл жұмысқа тұрған 1 377 «алғашқы қыстаушы» тәжірибелі жұмысшылар жанына бекітілген және оларға қатал маусымдағы жұмыс ерекшеліктерін таныстырған техникалық сабақтар өткізіліпті.

– Барлық «алғашқы қыстаушылар» меңгерген мамандықтарының ерекшеліктеріне қатысты білім деңгейін сараптаған кешенді емтихан тапсырды. Осылайша, олар өндірістік жарақаттанудың алдын алу және электр қауіпсіздігі бойынша сұрақтарға жауап берді, – дейді Дирекцияның техникалық даму департаментінің директоры Маратбек Мырзағұлов.

Оның айтуынша, ғимараттардың да техникалық жай-күйі қаралуда. Бүгінде 1766 нысанға және 87 қазандыққа ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 16,5 км жылу трассасы тексерілген. Сондай-ақ, 93 вокзал ғимаратында жылыту және жуып тазарту жұмыстары жүргізіліпті.

Қыс маусымына әзірлік барысында, әрине магистральдық темір жол желілерін қар басып қалмай, пойыздардың қалтқысыз қызметі қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылуда. Бұл бағытта атқарылған шаруалар қатарында, мысалы, биыл 126 шақырымдық қар тоқтату қоршауларына ағымдық жөндеу жүргізіліп, жарамсыздары жаңасымен алмастырылған. Үскірік аязы мен қарлы бораны қатар жүретін маусымда жолды тазалауға адамдармен қатар техникалардың жұмылдырылатынын ескерсек, онда бұл бағытта да дирекция шаруашылықтарының қамсыз қалмағанын байқаймыз. Айталық, 293 бірлік қар жинайтын және қар тазалайтын техниканың қатал мезгілде тоқтаусыз жұмыс істеуі мамандар тарапынан бақылауға алынып, тиісті деңгейде тексерістен өтіп, сақадай сай тұр. Тіпті, техникалардың үздіксіз және кедергісіз жұмыс істеуі үшін 3 миллион литрден астам жанар-жағармай материалдарын сатып алу жоспарланып, осы мақсатта «Petro Retail» ЖШС-мен сатып алулар туралы шарт жасасқан.

Жылдың қай мезгілінде болмасын, теміржол саласында еңбек қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтау басты мәселе болып қала бермек. Осы ретте, жұмысшыларға қажетті қысқы киім және аяқ киімдер тапсырысының орындалуы да оң жолға қойылған. Олай дейтініміз, төменгі температурада киетін «Норд» костюмдері, құлақшындар, пималар, жылы етіктер, қысқа тондар, қолғаптар сияқты тағысын тағы қысқы киімдер мен аяқ-киімдер толық жеткізіліпті. Десе де, қыс маусымына дайындық бойынша барлық қажетті шаралардың ағымдағы айдың 15-не дейін жүргізілетінін еске салып өткен жөн болар.