Локомотивтер сенімділігін арттыру тетіктері сөз болды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің төрағалық етуімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотивтерінің сенімділік көрсеткіштерін арттыру тақырыбына арналған конференция өз жұмысын бастады. Алдымен шараға қатысушы делегацияларға Астана локомотив жөндеу депосының цехтарына экскурсия ұйымдастырылды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық аппараты жетекшілерінің, қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизорлардың, ел өңірлеріндегі локомотив пайдалану деполарының, «ЛҚЗ», «ЭҚЗ» АҚ мен «Қамқор Локомотив» ЖШС және оның филиалдарының, Транспортейшн Глоубэл ЭЛ ЭЛ СИ, Астана Дизель Сервис, Аlstom Kazakhstan, өзге де локомотив жөндеу деполарының өкілдері қатысқан конференцияда алғашқы сөз кезегін алған Қанат Әлмағамбетов бүгінгі конференцияның мақсаты – локомотивтердің сенімділік көрсеткіштерін, локомотивтерді жөндеу, сервистік қызмет көрсету қызметтерінің сапасын арттыруға байланысты өзекті мәселелер мен проблемаларды практикалық тұрғыдан талқылау, жинақталған мәселелерді шешу жолдарын қарастыру екенін жеткізді.

– Локомотив кешеніндегі қозғалыс қауіпсіздігі жағдайына келсек, биылғы 9 ай жұмысының қорытындысы өткен жылмен салыстырғанда қозғалыс қауіпсіздігін бұзу оқиғасының саны 20%-ке дейін өскенін байқауға болады. Және де локомотив кешені бойынша қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірген оқиғаларды талдай келгенде, басым бөлігі жөндеу және сервистік кәсіпорындар еншісіне тиесілі болып отыр, – деген Қанат Есмұханұлы локомотив паркінің техникалық сенімділігінің жоғары деңгейінің қамтамасыз етілуінен пойыздардың қатынау кестесінің нақты орындалуы, қозғалыс қауіпсіздігі, теміржол көлігінің жұмыс тиімділігі байланысты болатынын атап өтті.

Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚның локомотив шаруашылығы департаменті алға тартқан дерекке сүйенсек, үстіміздегі жылдың үш тоқсанында локомотивтерге күрделі жөндеу жүргізу және техникалық қызмет көрсету бойынша бағдарлама 95% орындалған. Бүгінде ҚТЖ қарамағында жаңа сериялы локомотивтерді қосқанда, 1500-ден астам локомотив бар екен. Ал оларға жөндеу мен қызмет көрсету жұмыстарын, сондай-ақ, қажетті жинақтаушы қордың болуымен жеке меншіктегі сервистік ұйымдар қамтамасыз етеді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив шаруашылығы департаментінің басшысы Мақсұт Ибраев: «Тартымдық жылжымалы құрамның техникалық жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Десе де, техниканың тиісті уақыт мерзіміне дейін істен шықпай, жұмыс істеп тұру деңгейіне қол жеткізе алмай отырмыз. Локомотивтердің істен шығуы көп жағдайда құрылымның жетілдірілмегенінен, жөндеудің технологиялық процесінің бұзылуынан, қажетті жинақтаушы қордың жоқтығынан, жекеменшіктік жөндеу базаларындағы персоналдардың біліктілігінің жеткіліксіздігінен болып жатады», – дей келе локомотивтерді қабылдап алушылар блогы мен бас инженерлердің жұмысы да сын көтермейтінін жеткізді.

Сөз орайы келгенде, пайдалану деполарының локомотивтерді қабылдап алушылардың және ПТОЛ телімі бастықтарының білімдерін жүйелі түрде арттыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Теміржол көлігі персоналын дамыту және бағалау орталығы» базасында біліктілікті арттырудың арнайы бағдарламасы әзірленгенін атап өтер едік.

Локомотив жөндеу деполарының жетекшілері өз кезегінде тартымдық жылжымалы құрамдарға көрсетілетін қызметтер кезінде кездесетін қиындық-кедергілермен бөлісіп, оны бірлесіп шешу жолдарын осы жиында қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің жағдайын әрмен қарай жақсарту үшін адам факторының ықпалын төмендетіп, командалықинструкторлық құрам мен локомотив бригадаларының, жөндеу кәсіпорындары мамандарының жауапкершілігін мақсатты тәрбиелікпрофилактикалық жұмыс жүргізу арқылы арттыру керек деген пікірге тоқтасты. Ал тасымалдау процесін қамтамасыз ету және локомотивтердің техникалық жайкүйін жақсарту үшін жеке жөндеу кәсіпорындарына жөндеудің және қызмет көрсетудің барлық түрлерінің мерзімдері мен технологияларын нақты сақтау, жинақтаушылардың ауыспалы қорының болуын қамтамасыз ету ұсынылды.