Жастар жобасы жоғары бағаланды

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Жамбыл темір жолының жастары екі күндік аймақтық тренингте бас қосты. Оныншы жыл қатарынан өтіп жатқан шараға биыл аймақтағы теміржол мекемелерінен жиналған жастардан құралған барлығы 16 топ қатысып, өздерінің заман талабына сай, инновациялық идеяларын ортаға салды.

Теміржолшы жастардың біліктілігін арттырып, шыңдай түсетін сайыстың алғашқы күнінде қатысушы командалар өздерін таныстырып, байқау шарттарына қанықты.

Ал тренингтің екінші күнінде жастар өз жобаларын қорғады. Тренинг шартына сәйкес, қазылар алқасы жобалардың Қазақстан темір жолы саласы үшін тиімділігіне, экономикалық тұрғыдан қолайлылығына, оны пайдалану мерзімінің ұзақтығына, еңбек ресурстарына баса мән берді.

Осы тұрғыда болат жолда тер төгіп жүрген жастардың ұсынған жобаларына келер болсақ, олардың қатарында қазылар алқасының назарын аударған жобалар аз болған жоқ. Мысалы, түнгі уақытта және өрт болған жағдайда флюористцентті бояуды қолдану, күн нұрынан, жалпы кез келген сәуледен қуатталатын тежеуіш башмак сынды жобалар қатысушылар тарапынан қызу талқыға түсті. Жастар, сондай-ақ, электровозды модернизациялауға, Шамалғанда орын алған оқиға сынды өткелдерде апатты жағдайды болдырмауға, интерактивті тақтаға байланысты да жобаларын жасап, комиссия мүшелеріне ұсынды.

Әрине, төрт саусақ бірдей емес, жастар арасында жобаларының бүгешігесіне дейін есептеп, қорғай алғандары да, кейбір экономикалық немесе басқа да тұстарын ескермей, шикілей ұсынылған, асығыс жасалған жобалар да болды. Кейбір қатысушылар жап-жақсы жобаның тиімді тұстарын комиссия мүшелеріне толықтай түсіндіріп, жеткізе алмады. Бірақ, жалпы алғанда, талапшыл жастардың теміржол саласын жетілдіру бағытындағы ой-пікірлері мен тың идеяларының басым бөлігі көңілге қонымды болды. Жастар жобасы жоғары бағаланды.

Байқау соңында Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Анатолий Ким төрағалық еткен комиссия мүшелері үш топты жеңімпаз деп таныды. Оның біріншісі – «Крюк» жобасы 1000 вольттан жоғары деңгейдегі электр энергиясын оңтайландыруға арналса, екінші жоба өрт кезінде ультрафиолетті бояуды пайдалануды ұсынған жастардың тобына бұйырды. Үшінші жеңімпаз топ ретінде нұсқаулықтардың электронды базасын жасап, ұсынған жастар танылды.

Аймақтық байқауда көзге түсіп жоғары баға алған бұл жеңімпаздар енді жобаларын жетілдіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық байқауда бақ сынайтын болады.