Локомотивтер мәселесін шешпек

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде биыл 1 қазан мен 1 қараша аралығында «Локомотивті сапалы пайдалану және жөндеу мен сервистік кәсіпорындармен өзара ісқимыл» атты айлық өткізілмек.

Бөлімше директорының орынбасары Ерлан Бүркітовтің айтуынша, аталған шараның мақсаты – локомотивтерді сапалы пайдалануда жұмысшылардың жауапкершілігін арттыру, еңбек және технологиялық тәртіпті нығайту, пойыздар қозғалысын ұйымдастыру бойынша өндірістік қызметтің нәтижелілігі үшін жұмысшылардың жеке жауапкершілігін күшейту.

– Тәжірибе көрсеткеніндей, жөндеу және сервистік орталықтар бүгінде бар мәселелерді алға тартады, атап айтқанда, олар – ТЭД, яғни, тартымдық электр қозғалтқыштардың, дөңгелек мотор блоктың жоқтығы. Сондықтан бекітілген нормалары бар жөндеуде тепловоздардың қайта тұрып қалуына жол беріледі. Өкінішке қарай, Маңғыстау станциясы бойынша жөндеу базасы 2015 жылы жабылып қалған, – дейді Ерлан Бүркітов.

Алайда, басқа Сексеуіл, Шалқар, Мақат, Ақтөбе сынды орталықтармен жұмыс жалғасын табуда. Сол себепті филиал басшылығы «қол қусырып» отырмауға шешім қабылдады, сөйтіп негізгі екі перспективалық бағыт – эксплуатация және локомотив жөндеу бойынша жұмыс жүргізіледі.

Бүгінде филиал бойынша аталған айлықты өткізу туралы кешенді жоспар шаралары жасалуда. Сондай-ақ шаралар қабылдауда аймақтық және желілік деңгейде тиісті басшылардың міндеттері айқындалуда.