Шымкентте кішкентай сәбиді пойыз басып кетті

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

3 қыркүйек күні Қызылсай-Шымкент өткеліндегі 3296 шақырымдағы 8 пикет тақ жолда 2017 жылы дүниеге келген кішкентай ғана сәбиді пойыз басып кетті. Бала ата-анасының қарауынсыз қалған.

Шымкент жол дистанциясының техниктері Назгүл Шалхарбаева мен Айгүл Таштемирова теміржол бойын жағалай қоныстанған елдімекен тұрғындарының үйлерін аралап, осы оқиғаны алға тартып, балаларды қараусыз қалдырудың салдарын айтып, үгітнасихатты күшейтті. Жаңа оқу жылының басталуымен мектепке баратын оқушылар үшін алаңдаған ПЧ-53 мамандары ЖПБ қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы №102, 79, 22, 34 мектептерге барып, оқушылармен жүздесті.

Бұдан бөлек Азат, Нахаловка мөлтек аудандарының тұрғындарын үйме-үй аралап, қауіпсіздік туралы кітапшалар мен жадынамалар таратты. «Жыл басынан бері теміржолда 8 адам басу фактісі тіркелді. Шымкент жол дистанциясы теміржолға жақын маңайда тұратын үйлер мен мектептерге барып «Теміржол – аса қауіпті аймақ», «Абайлаңыз, балалар!» айлығы бойынша кездесулер өткіздік.

Елдімекендерді аралауда бізбен бірге полиция майоры Әділ Сайрамбаев, Шымкент станциясы ЖПБ ӘПб Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Шарипа Сыздықова еріп жүрді. Себебі, жергілікті халық біздерді тыңдамауы мүмкін, ал тәртіп сақшыларынан сәл де болса аяқ тартып, айтқанды тыңдайды. Жалпы, мектептерге барып, үгіт-насихат жұмыстарына бір жарым мыңнан аса оқушыларды қамтыдық», – деді Шымкент жол дистанциясының технигі Назгүл Шалхарбаева.