Көмірге тапсырыс азайған

Ағымдағы жылдың мамыр-тамыз аралығында «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол желісі бойынша көмір тиелімі өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 1 млн тоннаға төмендеп, 30,7 млн тоннадан астам көлемді құрады.

Осы ретте, қазақстандық тұтынушылар үшін 21 млн тонна қатты отынның тиелгенін айтар едік, алайда, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 900 мың тоннаға кем болып отыр. Соның ішінде, жылу электр орталығына 18,3 млн тонна көмір жеткізілсе, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін 2,7 млн тонна көмір тасымалданған.

Бұл көрсеткіш те былтырғыға қарағанда 20% төмен. Бұл жүк түріне қатысты тасымалдың төмендеу себебін, теміржол саласы мамандары жүк жөнелтушілер тарапынан тапсырыстың жоқтығымен, сондайақ, көмір тиеуден бас тартуымен түсіндіреді. Теміржолшылар жыл басынан бері жүк жөнелтушілерді, соның ішінде көмір өндіруші ірі кәсіпорындарды күзгі және қысқы маусым кезінде вагондардың жасанды жетіспеушілігін тудырмау үшін жаз мезгілінде теңмөлшерлі тиелімді қамтамасыз етуге шақырған да болатын.

Жыл соңына дейін ай сайын жүк тиелімінің көлемі 9,6 млн тоннадан кем болмауы керек. Және де осыншама көлемдегі көмірді тасымалдауға «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жылжымалы құрамы жеткілікті екенін айтар едік. Қазақстан аумағында 59 мыңнан астам ашық вагон тіркелген, соның 55%-і көмір тасымалына жұмылдырылған.

Жыл қорытындысы бойынша 107,5 млн тонна көмірді тасымалдау болжамданып отыр. Соның 72 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға бағытталса, экспортқа 34,6 млн тоннасы шығарылмақ.