Тарихи құжатты талқылады

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Президент Жолдауы – тарихи құжат. Әрі бұл – еліміздің жаңа басшысының халыққа алғашқы Жолдауы. Сондықтан оны Қазақстан халқы асыға күтті, негізгі бағыттарына баса назар аударды.

Жақында жамбылдық теміржолшылар арасында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылау мен насихаттау болып өтті. Жамбыл ЖТ бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен басқосуға бөлімше филиалы директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов пен теміржол мекемелерінің жұмысшы-қызметкерлері қатысты.

Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Үмітбек Есмұратұлы Президент Жолдауында ең алдымен қоғам мен билік арасындағы байланысқа баса мән беріліп отырғанын айтты. Бөлімшеде Жолдау аясында атқарылып жатқан оңды істерді баяндады.

Келесі кезекте сөз алған Жанәділ Ағабекұлы Президент сайлауалды бағдарламасында халыққа берген уәдесін Жолдау арқылы жүзеге асыра бастағанын, оның бұл ісіне барша қазақстандықтар болып қолдау білдіруіміздің маңызы зор екендігіне тоқталып өтті. Осы орайда Жолдауды насихаттау жұмыстарының жүйелі жүргізілуі, халыққа оның бағыттарын дұрыс жеткізе білудің зор мәнге ие екендігін жеткізді.

Өз пікірін білдірген автоматты басқару жүйесі бөлімінің басшысы Асылхан Тайлақбаев Жолдауда қарапайым халық үшін аса маңызды жер дауы, зейнетақы төлемі, жастарды тұрғын үймен қамту, педофилиямен күрес сияқты мәселелердің қозғалғаны көптің көңілінен шығып отырғанын сөз етті.

Жиын соңында зейнетақы саласындағы өзгерістерге, тұрғын үймен қамту мәселесіне орай қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға Үмітбек Есмұратұлы жан-жақты жауап берді.