Жас келсе - іске

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Ірілендірілген Шу жол дистанциясы Қияқты станциясына дейінгі 150 км темір жолдың күтімін жасап, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп отыр.

Дистанция директорының орынбасары қызметіне Жастар жылы аясында жақында ғана тағайындалған Дәулет Жолдасбаевтың айтуынша, Ірілендірілген дистанция Шу және Шоқпар дистанцияларын қосып, біріктіруден құралған аймақтағы ең ірі жол мекемесі. Бүгінде оған қарасты 294 бағыттама бұрмасы бар. 2 колонна мен 3 телімде 200 адам еңбек етеді. Әр телімде бес-бестен жол шеберлері жұмыс істейді. Жақында МТК жол өлшегіш вагоны, яғни мобильді диагностикалық кешен келіп, рельс ақаулары, жол жағдайын тексеріп кетіпті, қорытынды жаман емес.

– Сонымен қатар күзгі комиссиялық тексеру де өтті. Басшылар құрамы келіп, жіті тексеру нәтижесінде айтарлықтай кемшіліктер анықтаған жоқ. Қысқа дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізгенбіз. Қармен күрес жұмыстары да ойдағыдай. Қанағаттанарлық деген баға берілді. Үш қар жинайтын машинамыз Шу мен Шоқпар станциясында дайын тұр. Қармен күресу кезіндегі қар тоқтататын және малға қарсы қоршаулар қойылуда. Күзде тау жақтан мал қайтып жатыр. Соған байланысты теміржол бойында мал көп. Сол жағымен де жақсы күрес жүргізілуде. Қазір 10 км-ге қоршау тұрғызылды. Қазан айының аяғына дейін тағы 5 км тұрғызу жоспарда, – дейді ол.

Шу жол дистанциясында 16 қыркүйек пен 16 қазан айында ақаутапқыш арбашасы бойынша айлық өтіп жатыр екен. Оның барысында техникалық сабақтар өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, цехтар, өндірістік бөлімдер, колонналар, телімдер бұл айлық туралы хабардар етілген.

Ең үлкен жасанды имарат – Шу өзені үстіне салынған көпір. Бұл көпірге де қысқа дайындық жасалған. Шпалдары ауыстырылып, жөндеу жүргізілген. Осындай нысандарға, жол бойына көп шығатын Дәулет Жолдасбаев күніне 10-15 км жерді жауапты бригадир, шеберлермен бірге аралай отырып тексереді.

Жалпы, оның айтуынша, ұлттық компания жас қызметкерлерінің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер жасауда. Отызға енді шыққан Дәулеттің жол шаруашылығында қызмет етіп келе жатқанына 10 жыл. Осы аралықта Қарағандыда жолшы, Түлкібаста, Жамбылда жетекші инженер және тағы да басқа жұмыстарды атқарған ол жастардың тек қоғамдық жұмыстардың емес, барлық жұмыстың бел ортасында жүргенін қалайды. Бөлімше мен магистральдық желі бөлімшесі бойынша барлығы Жамбылда 12 мың адам еңбек етсе, соның 50 пайызын жастар құрайды екен.