Халық игілігі жолында

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталған Президент Жолдауын ҚТЖ компаниясы мекемелерінде түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүріп жатыр. 

Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің мамандар бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасовтың ұйымдастыруымен жуырда қалалық мәслихат депутаттары бірнеше мекеме теміржолшыларымен кездесіп, Президент Жолдауын жан-жақты түсіндірді. Еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамытудың негізі саналған «Білім экономикасы» фокторларына тоқталды.

«ҚТЖ дамуына елеулі үлес қосып отырған жетекші ұйымдардың бірі – «Қамқор» локомотив жөндеу ұжымы. Сол үшін де Жолдаудағы халық игілігі үшін атқарылар ауқымды шаралар, жүзеге асатын кешенді жобаларды талқылауды осы ұжымда бастап жатырмыз. Президентіміз ел тағдырына жаны ашитын әр азаматқа зор сенім артамын деген болатын. Бірлігіне тірлігі жарасқан еңбекшіл ұжым нағыз теміржолшылар», – деді ақпараттық топқа еңбек ұжымын таныстырған Ақтөбе ЖТ бөлімшесі мамандар бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасов.

Басқосуда депутаттар теміржол саласы қызметкерлеріне Жолдауда айтылған жалақы көтеру, әлеуметтік қолдау мәселелерін ортаға салды. Мемлекет басшысының шағын және орта бизнеске көңіл аударғанына тоқталды.  

«Президентіміз кез келген ұжымның қоғамға белсене араласуын нақты айтты. Елдегі саяси ахуалдың жақсаруы биліктің халыққа жақын болуынан басталады. Қазір теміржол саласы да шағын және орта бизнес саласына ауысып келе жатыр. Бұл дегеніміз – бесекеге қабілетті ортаға өзін бейімдеу және халықаралық нарықта өзге елдермен иық тіресіп, бір тұруға ұмтылу», – деді қалалық мәслихат депутаты Нұрлыбек Жүсіпов.

«Президент жолдауындағы бес блоктың ішінде жұмысшылардың көңілінен шыққаны – әлеуметтің әлеуетін арттыру. Біз Президент Жолдауын қолдай отырып, оны атқаруға бар күшімізді саламыз», – деді «Қамқор-Локомотив» ЖШС сервистік қызмет көрсету директоры Асан Жаханұлы.

Соның бір айғағы, ұжым алдағы уақытта сенбіліктер өткізіп, Қазалы, Шалқар, Шар, Аягөз, Сексеуіл қалаларында елдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін ағаш отырғызылып, бақ орнатуға атсалысатынын жеткізді.