Жаңа басшыларды оқытты

Ақмола жүк тасымалы бөлімшесінде жаңадан тағайындалған станция бастықтары мен олардың орынбасарлары және инженерлер құрамымен арнайы оқу жүргізілді.

Филиалдың бас инженері С.Баржаксиннің жетекшілігімен өткен оқудың мақсаты – басшылық құрамды өз қызметтік міндеттерін тиімді және нәтижелі орындауға баулу. Оқуға жаңадан тағайындалған 15 станция басшысы мен орынбасарлары және 5 инженер қатысты. Бұл оқуды өткізу үшін арнайы бағдарлама жасалып, онда еңбек қорғау мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, станция жұмысының пайдалану көрсеткіштерін орындау, нормативті-техникалық құжаттарды сапалы дайындау сияқты тағысын тағы маңызды мәселелерге ерекше назар бөлінген. Мысалы, жүк тасымалы бөлімшесінің бөлім бастықтары мен жетекші инженерлері сабаққа қатысушыларға «Оқиғаларды олардың түпкі себеп-салдарын анықтай отырып басқару.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарында мінез-құлық диалогы» стандарттары бойынша ақпараттарды егжей-тегжейлі жеткізіп, көп уақыт жергілікті жағдайда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді реттейтін негізгі құжат, станцияның техникалық-өкімгерлік актісін әзірлеу жөніндегі нұсқаулықтарды тереңірек оқып білуге жұмсалған. Сонымен қатар техникалық сабақтарды ұйымдастыру және оқыту мәселелері жіті талқыланып, әрмен қарай жас мамандармен автоматтандырылған басқару жүйесі, логистика, тасымалдау шарттары және ұйымдастыру бөлімдерінің мәселелері, станция жұмысындағы негізгі көрсеткіштері талқыланған.

Оқу барысында Көкшетау-1 станциясында көрсеткіштік комиссиялық байқау өтіп, оның барысында түрлі ауытқушылықтар мен ақауларды анықтау процесі көрсетілген. Сонымен қатар байқауды сапалы жүргізу мақсатында оқуға қатысушыларға тексерісті жүргізу барысында қолданатын негізгі аспаптар көрсетілген көрнекі құралдар табыс етілген. Ал оқу соңында барлық өткізілген тақырыптар бойынша станция жетекшілері сынақ тапсырып, ол сынақтан бірдебіреуі сүрінбей, жеңіл өткен.