Транзитті Тараздың мәселесі

Немесе алыпсатарлар саудасына тосқауыл бола ма?

Жуырда Нұр-Сұлтанға барып қайттым. Кейде тығыз шаруаң шыққанда билеттің табылғанына қуанасың ғой. Менің бағыма орай билеттің табыла кеткені. Мұндайда бағасына да қарамайсың. Сонымен баруым – 40, қайтуым 20 мың теңгеге айналды. Яғни, «Эйр Астана» компаниясы Тараздан Нұр-Сұлтанға 40 мың теңгемен жеткізсе, қайтарда «Тальго» пойызы 20 мың теңгемді қағып алды...

 Иә, шындығында, ұшаққа да, пойызға да билет өте қымбат, кез келген орта табысты отбасы үшін бұл – үлкен шығын. Жолаушылардың қалтасын қағып отырған ұлттық компаниялардағы баға саясаты қашан реттелер екен деп ойлап үлгергенімізше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұшақ билеттерінің қымбаттығын өзекті етіп көтерді. Ал оған дейін пойыз билеттері тапшылығын жоюды тапсырған.

Президенттің Жолдауын талқылаған Үкімет отырысында вице-премьер Жеңіс Қасымбек «...теміржол билеттерінің тапшылығын болдырмау және заңсыз делдалдық әдістерге тосқауыл қою мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізілді. Теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды» деген еді.

Негізгі тасымалдаушы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» компаниясымен қатар он шақты жекеменшік серіктестік бар. Соның өзінде жазда екі ай бұрын билет іздесеңіз, таппайсыз. Неліктен? Өйткені арада алыпсатарлар пайда көріп отыр. Ал билеттердің тікелей ұлттық компания арқылы сатылмай, басқа да жеке ұйымдарда сатылуы басты мәселе болып отыр. Оны шешу үшін бірнеше механизм болуы керек. Тікелей бағаны төмендету де мүмкін емес. Мұнда жанармай бағасы, жолаушы саны да рөл атқарады. Жалпы бәсекені күшейтсек қана шешім табылады.

Алыпсатарлар – жеке тұлғалар. Олар билеттерді 50 пайызға, тіпті қат кезде жүз пайызға дейін қымбат сатудан шімірікпейді. Әсіресе адамдар жиі қатынайтын бағыттарда баға екі есеге дейін өсуі мүмкін. Негізінен Жамбыл өңіріндегі пойыз билеті тапшылығының екі себебі бар. Бірі – Тараз бекеті – транзиттік вокзал. Яғни, негізінен билеттер Тараз вокзалын басып өтетін Шымкент-Алматы, Маңғышлақ-Алматы, Қызылорда-Көкшетау, Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытындағы он шақты пойыздардың шығу станцияларында сатылып кетеді де, транзиттік Тараз бекетіндегі кассаларда билеттер саны шектеулі болып қалады.

«Біздің кассаларда билетті, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласына екі-үш ай бұрын алған тиімді. Өйткені, он-он бес күннің ішінде билет тапшылығы байқалады. Қалай дегенде де транзиттік пойыздарға орын табу қиын екені рас», – дейді Тараз бекетіндегі билет кассирі Майя Узбаева.

Екіншіден, пойыз билеттері алыпсатарлар қолында жүр. Олар теміржол билеттерін қолдарына қалай түсіреді? Ол азаматтардың билетті қолына түсірудің бір амалы – жекеменшік кассалармен ауызжаласуында. Яғни, әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қатынайтын пойыздардың билетін ертерек сатып алады. Қазір республика бойынша «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының 433 теміржол кассасы бар. Егер билетті сол теміржол кассасынан алсаңыз, онда мамандар міндетті түрде жеке куәлік талап етеді. Құжатсыз билет берілмейді. Ал теміржол билеттерін сатумен айналысатын жекеменшік кассаларға барсаңыз, ондағылар сізден төлқұжат сұрамауы мүмкін. Себебі алыпсатарлар жеке кассадағылармен бірге жұмыс жасайды. Ал елімізде мұндай жекеменшік кассалардың саны – 4500. Акционерлік қоғамға қарасты кассалардан олардың саны 11 есе көп.

Мына қызықты қараңыз. Жекеменшік кассадағылар әлемде жоқ адамның атына билеттердің бәрін сатып алады. Мысалы, «Виктор Цой» деп атайды да, соның атына бір ай бұрын 10 билет сатып алады. Пойыздың жүру уақыты жақындағанда жолаушылар вокзалға келіп, билет сұрастыра бастайды. Билет жоқ. Осы кезде жекеменшік кассадағыларға клиент іздеуші жолығып, жолаушыға «қызметін» ұсынады, яғни 10 мың теңгенің билетін 15-20 мың теңгеге рәсімдеп береді. Билет таппай, шарқ ұрып жүрген жолаушы еш ойланбастан, өзі келіп тұрған билетті қуана сатып алады. Ол үшін алыпсатарлар мен жолаушы жекеменшік кассаға барып, билетті өз атына аудартады. Әлгі «Виктор Цойдың» атына жазылған билетті кассадағылар жолаушының атына қайта рәсімдеп береді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ соңғы кезде жарнамалап жатқан «Күту парағы» жүйесі алыпсатарлар саудасына тосқауыл бола ала ма?

Жалпы, Жамбыл темір жолының арғы бергі тарихында ешқашан Тараз-Нұр-Сұлтан немесе Тараз-Алматы бағытында жолаушы пойызы қатынасы болған емес. Неге? «ҚТЖЖүк тасымалы» АҚ филиалы Жамбыл теміржол бөлімшесінің әлеуеті оған толық жетеді. Өйткені, бөлімшеге қарасты үш парк – Жамбыл локомотив пайдалану депосы, Тараз локомотив жөндеу депосы, Жамбыл вагон пайдалану депосы толықтай жолаушылар тасымалы пойызының сервистік қызметін өтеуге мүмкіндігі мол. Ал біз жоғарыда сөз еткен бағыттың ашылуына не кедергі?

– Сіз көтеріп отырған мәселе сонау Кеңес үкіметі тұсында әбден зерделенген болатын. Өйткені, ол кезеңде ғылыми, демографиялық ахуал жан-жақты сарапталған екен. Енді қараңыз. Бір пойызда кемі сегіз вагон жасақталады. Оның үшеуі плацкарт вагон, бесеуі купе. Плацкартта бір вагонда 54 орын бар. Ал купеде 36 орын. Есептеңіз. Үш плацкарт вагонда 162, бес купеде 180 орын. Барлығын қосқанда 342 орын. Егер пойыз күнделікті қатынайтын болса, бір Тараз вокзалынан осыншама жо- лаушы шықпайды. Осы жағы ескерілген. Сондықтан, біздің мүмкіндігіміз – транзиттік пойыздарға орын тауып беру. Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» компаниясына жаңа басшылық келіп, жолаушылар тасымалындағы күрделенген мәселелерді қолға алуда. Болашақта мүмкін Тараз вокзалынан өтетін транзиттік пойыздарға қосымша вагон жалғау мәселесін көтеретін болармыз, – дейді Жамбыл бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков. 

Ерман ӘБДИЕВ