Контейнерлік пойыздар тиімділігі артуда

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшылар жүк тасымалы бойынша ағымдағы жылға межеленген жоспарлы жұмыстарды мезгілінен бұрын орындауда. Мақсатты шаралар қатарында жүк тиеу мен ауыр салмақты пойыздарды құрастырып жолға шығару, ұзын жылжымалы құрамдарды кідіріссіз жөнелту, станцияларда тастанды пойыздар легін қалыптастырмау бойынша қолға алынған тың тәсілдер өз тиімділігін толық дәлелдеді.

Соның ішінде контейнерлік пойыздар транзиті бойынша өткен 8 айдың ішінде жетістікті жұмыстар қатары орын алған. Осыған дейінгі жүргізілген сараптама қорытындылары бойынша контейнерлік пойыздар транзитінің бюджет қоржынын еселейтіні ескеріліп, жыл басында аталмыш бағытта жұмыс жүргізу үшін тиісті шаралар қабылданған болатын. Бөлімше теміржолшылары бір жыл ішінде әр контейнері 40 тоннаны құрайтын 500-ден аса транзитті пойыздарды іркіліссіз өткізе алатыны теориялық тұрғыдан дәлелденген соң, нақты нәтижеге ден қойылған еді. Тиімділігі мол мұндай шешімнің қабылдануына Ресейдің Сібір бөлігінен Орталық Азияға контейнер түріндегі жүк тасымалының соңғы жылдары еселеп артуы, экспорттың өріс алуы себеп болған. Өз кезегінде, орын тепкен аумағы бойынша көршілес екі ел арасындағы жүк дәлізі саналатын Семей ЖТ бөлімшесінде жүк тасымалының бұл түрі – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.

– Транзит ағыны негізінен Ресейдің Батыс-Сібір бөлімшесі аумағында орын тепкен Локоть станциясымен ҚХРмен шектесетін Достық станциясы аралығында, қос бағытта орын алуда. Өткен 8 айдың көрсеткіші бойынша 413 пойызды қабылдап-жөнелттік. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда екі есеге жоғары. Алда әлі 4 айдың қорытындысы бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселене түседі деген сөз, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің шұғыл басқару бөлімінің бастығы Ерболат Сәкенов. Сәйкесінше, контейнерлік пойыздардың тәуліктік жүру жылдамдығы да жоғарылаған.

Ал бөлімшенің жүк станцияларында жасақталатын пойыздар мүмкіндігінше ауыр салмақта құрастырылады. Дегенмен телімдердің өткізу деңгейі салмақ дәрежесіне қарай әр түрлі болып келеді. Мысалы, Локоть-Ақтоғай телімінде тақ пойыздар үшін шекті көрсеткіш 4500 тоннаны құрайды екен.

Ерболат Шаймарданұлының айтуынша, қазіргі таңда ауыр салмақтағы пойыздардың жүк айналымы бойынша Дегелең-Семей аралығындағы 142 шақырымдық телімде 6 300 тонналық пойыздар қатынауда.

Мысалға алсақ, құрастырылатын жүк пойыздарының саны 9 ай ішінде 10 мың болса, оның шамамен 35-40 пайызы ауырсалмақты болып сана лады. Ертіс үстіндегі теміржол көпірі күрделі жөндеуден өтіп жатқандықтан жылжымалы құрамдардың мұндай түрі негізінен 1 класты жүк станциясы саналатын Жаңа-Семей станциясында жасақталады.

Мұнымен қатар, қазіргі күні бөлімшенің логистика және жүк тасымалын ұйымдастыру бөліміне жылдамдығы жоғары «Шаттл» пойызын құрастырып жолға шығару туралы бірқатар тың ұсыныстар түскен. Бұл мәселе қазіргі күндері арнайы мамандар тарапынан қарастырылу үстінде. Жаңғызтөбе станциясынан Балқаш станциясына дейінгі аралықта түсті металл кенін тасымалдау бойынша түскен ұсыныстың тиімділігі дәлелденсе, қабылданады.