KTZ Express «Жібек жолы» көрмесіне қатысты

Биыл 10-12 қыркүйекте Қытайдың Ляньюньган қаласында өткен VI Қытай Халықаралық логистикалық «Жібек жолы» көрмесіне «KTZ Express» АҚ қатысты.

Көрме жұмысына Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Сингапур мен еуропалық және басқа елдердің 200-ден аса логистикалық және кеме қатынасы бойынша компаниялары атсалысты.

Көрме шеңберінде экономикалық және сауда ынтымақтастығын қолдау бойынша конференция ұйымдастырылды. Соның барысында «KTZ Express» АҚ бас директоры Дмитрий Абдуллаев «Қазақстан темір жолы» компаниясы топтарының сервистерін таныстырды. Ол Қытайдан Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік жүк ағынының айтарлықтай артып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар қосымша жүк тарту үшін компания тарапынан жасалып жатқан шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, контейнерлік пойыздар жылдамдығын арттыру, темір жол инфрақұрылымын жаңғырту, қолайлы тариф саясаты, ІТ технологияларды дамыту, жүктер сақталымын қамтамасыз ету және Қазақстан аумағы бойынша бағдарларды диверсификациялау жағынан жұмыстар жүргізілген.

Сарапшылар Қытайдан және кері бағытта тасымалдың тұрақты өсіп отырғанын және ұлттық және аймақтық бағдарламаларды түйістіру арқылы құрлықаралық жүк ағынын қолдаудың маңыздылығына тоқталды.