Жаңа оқу жылының басталуымен Маңғыстауда акция жарияланды

Жаңа оқу жылының басталуымен Маңғыстау станциясында 1-30 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз, балалар!» акциясы жарияланды.

Республикалық акция аясында Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі көлік прокуратурасының мамандары, теміржолшылармен бірлесе «Теміржол – қауіпті аймақ!» іс-шарасын өткізді. Маңғыстау станциясындағы теміржол вокзалының перронында өткен шара барысында халыққа теміржолдың кез келген жерінен кесіп өтпей, арнайы өткелдерден жүру керектігі кезекті рет түсіндірілді. Әсіресе балалар көп қамтылды.

− Қыркүйектің алғашқы күндерінен-ақ оқушылардың жүрісі көбейеді. Теміржол вокзалы орналасқан станцияның өзінде, темір-жолға жақын маңдағы ауылдарда бірнеше мектеп бар. Онда қанша мың бала білім алады. Сондықтан олардың теміржолдағы қауіпсіздігі басты назарда. Осыны атааналарына, өздеріне ескерту шараларын ұйымдастырудамыз. Алдағы уақыттарда кәмелетке толмағандармен байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстарды қолға аламыз, – дейді Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Әнес Қуанышов.

Сонымен қатар, аталған іс-шара шеңберінде олар «Мектепке жол» акциясына да атсалысыпты. Білім күні жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың балаларына базарлық жасаған. Бес жанұяға көмектесіп, оқуға қажетті құралжабдықтарды алып беріпті.