Семейде волейбол жарысына тек қана қыздар қатысты

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей жүк тасымалы бөлімшесінің теміржолшы қыз-келіншектері волейбол бойынша өткізілген біріншілікті қорытындылады. Ашық аспан астында, «Сарыжайлау» демалыс орталығында өткізілген сайысқа бөлімше бұрымдылары жоғары белсенділікпен қатысты.

Жазғы спорттың осы түрі бойынша аталмыш байқау ұзақ жылдардан соң қайта жанданып, биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да болар, Ертіс жағасындағы әсем орман арасындағы демалыс орнының спорт алаңына қыз-келіншектер молынан жиналды. Жас айырмашылықтарына шектеу қойылмағандықтан барлығы да қатысуға мүмкіндік алды.

– Қыздарымыз осыған дейін волейбол бойынша тек аралас ойындарға ғана қатысып жүрген болатын. Ендігі аралықта тек нәзік жандылардан тұратын командалар жасақтап, тұрақты түрде сайыс өткізуді көздеп отырмыз. Өткен жылы футболдан қыздар арасында біріншілік ұйымдастырылған еді. Осылайша, теміржолшы қыздарымыз үшін біртіндеп барлық спорт түрін жандандыруды көздеудеміз, – дейді «Локомотив» спорт клубының спорт нұсқаушысы, ойынның төрешісі Наталья Мешкова.

Бұрымдылар арасындағы волейбол жарысы мейлінше тартысты өрбіді. Шиеленісті сәттер де көп болды. Сайыстың нәтижесінде үшінші орынды «Транстелеком» АҚ филиалы, екінші орынды Семей станциясының қыз-келіншектері иеленді. Ал, бас жүлдені Жаңа-Семей станциясының волейболшы қыздары айқын басымдылықпен жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мақтау қағаздарымен марапатталып, мерейі үстем болды.