Мақат станциясында жылжымалы құрам қауіпсіздігіне жауапты

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Мақат станциясында вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті бар. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауда берекелі істерімен көрініп отырған ұжымда 135 адам еңбек етеді, олардың дені – жылжымалы құрамның қауіпсіздігіне жауап беретін вагон қараушылар.

Биылғы жылдың жеті айында станция арқылы 4344375 вагон қаралыпжөнелтіліпті. Ал жолаушылар вагоны саны 36381 болған. Жүк тиеуге 1733 вагон қаралып, жөнелтілген.

Вагондарға техникалық қызмет көрсету қосынының бастығы Жеңіс Елубаевтың айтуынша, биылғы 7 айда барлығы 555 вагон жөндеуден шыққан, бір айда – 67, екінші айда – 98, т.б. Станциядан қарап-жөнелтілетін вагондар саны да әр айда әртүрлі – бір айда 64 мың, келесіде 62 мың дегендей. Бүгінде ұжымдағы барлық қызметкерлердің біліктілігін көтеріп отыру басты ұстаным болып отыр, соның арқасында әр маман өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауды үйренген. Денсаулыққа зиянды орындарда жұмыс істейтіндерге тиісті қосымшалар, басқа да көптеген жеңілдіктер, көмектер қаралған. 

Әсіресе, жылыту қазандығында жұмыс істейтін операторларға жалақысына үстеме ақы қосылып отырады, оларға еңбек демалысы да басқаларға қарағанда ұзақтау. Станцияда вагон қараушылардың жайлы да жылы жұмыс бөлмесі жабдықталған. Бөлімшенің Доссор, Жамансор, Жантерек, Бекбике станцияларында да бақылау пункттері бар. Онда да білікті мамандар еңбек етеді.

Жалпы, Мақатта екінің бірі теміржолшы деуге болады, тұтас бір династияны қалыптастырған әулеттер де көп. Теміржолда 40-45 жыл еңбек еткен зейнеткерлікке шыққандар да аз емес.

– Қазіргі мамандардың бәрі де теміржолдың «отымен кіріп, күлімен шыққан» өз ісіне берілген тәжірибелі жандар. Биылғы кәсіби мерекеге орай вагон қараушылар Тағабергенов Ертай мен Ермұханова Бақтылы «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Еңбегімен ерекше көзге түсіп жүргендер арасында вагон қараушылар Жанбосынова Алмагүл, Есімов Асқар, Ерғалиев Бердібек, Әбитов Әлібек, Оңайбаев Нұрлыбек сынды майталман мамандар бар. Электр денекерлеуші Байназаров Нұрғали, вагон жөндеу ұстасы Алисев Марат, теміржонушы Қырықбаев Мұрат, кран машинисі Боранбаев Мейрам да өз ісінің шеберлері, – деп сипаттама берді Жеңіс Елубаев.