Ердің жасы - елуде

Ақмола жүк тасымалы бөлімшесінің басшылығы мен кәсіподақ комитеті Астана локомотив пайдалану депосының бастығы Дулат Ахмадиевті мерейтойымен құттықтады.

Ердің жасы елуді еңсеріп отырған туған күн иесінің теміржол саласында тер төгіп келе жатқанына 30 жылдың жүзі болыпты. Дулат Тілегенұлы алып саладағы алғашқы еңбек жолын Аягөз станциясында байланыс дистанциясында электромонтер болып бастапты. Одан кейін машинист көмекшісі, машинист, Дружба станциясының айырбастау пункті бастығының орынбасары қызметтерін атқарады. Ол қай қызметте де өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Десе де, Ахмадиевті білікті басшы ретінде жаңа қырынан танытып, абыройын асқақтатқан лауазымдық қызметтері – Балқаш локомотив пайдалану депосының директоры, «Локомотив» АҚ бас инженері, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ еңбек қорғау және экология департаментінің директоры міндеттері еді. Еңбекте адал, өз ісіне тиянақты да жауапты маманның көп жылғы абыройлы еңбегі басшылық тарапынан елеусіз қалмай «Адал еңбегі үшін» медалімен, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.

Дулат Тілегенұлы астаналық депоға басшы болып келген аз уақыт ішінде ұжымға «судай сіңіп, тастай батты». Ол депо бастығы қызметінің бірінші күнінде-ақ технологиялық процестерді жетілдірумен қатар жұмысшылардың тұрмыстық және еңбек жағдайын жақсартуға айрықша назар бөлді. Бүгінде Дулат Тілегенұлы – депо ұжымының абыройлы да сыйлы басшысы.