Еңбектің наны тәтті

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Кейіпкеріміз бала күнінен теміржолшы болуды армандаған жоқ. Бірақ, тағдыры оны теміржолға алып келді. Міне, жиырма жылдан асты, пойыз құрастырудың шебері. Жаңабай Бөлесенов өмір жолының осылай өрбігеніне риза. Еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын қарапайым теміржолшы жақсы біледі.

«1997 жылдан бастап Дөң станциясында пойыз құрастырушы болып жұмыс жасаймын. 30 жастан асқанда осы салаға келдім. Қауіпті аймақтағы қара жұмысқа тез үйрендім. Ертелі-кеш вагондарды ағытып, тіркеп, іріктейміз. Қысыжазы вагонға жабысып жүреміз. Мүмкін адам қызығатын жұмыс емес шығар. Бірақ кәсібім өзіме ұнайды. Балам да осы теміржол саласында еңбек жолын мен секілді қара жұмыстан бастады. Кезінде біздің қатарларымыз ерте есейді. Өмір ағымына ерте араластық. Ал қазіргі ұрпақ білім алуға тиіс. 

Техникалық сауатты болған жөн. Балама ылғи да осыны ескертемін», – дейді пойыз құрастырушы.

Жаңабай ағамыз алпысқа таяп қалса да қара жұмыстан қашқан емес. Күніге екі адам болып 12 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс жасайды. Меже – кемі екі-үш пойыздың вагондарын құрау. Кейде тіпті төрт пойызға 200-ден аса вагон жинайды. Бұл – жұмысшылар үшін жоспар әрі қалыпты жағдай. Пойыз құрастыру деген біле білген адамға тұнып тұрған арифметика. Жөнелту бағытына қарай вагондарды жинап, іріктеп бір құрамға жинау – қиындығымен қатар қызық та жұмыс.

«Жұмысты талғамау керек. Екі қолға бір күрек, барға қанағат етіп, табылған жұмысты бастасаң, ертелікеш жемісін жейтінің анық. Отбасын асырау керек. Теміржол саласы – қай уақытта тұрақтылықтың кепілі. Мен осы салада жүріп балашағамды асырап жеткізіп отырмын. Сондықтан, адал да таза жұмыс жасау – менің міндетім», – дейді кейіпкеріміз.

Міне, бүгін де Жаңабай Бөлесеновті жұмыс орнында жолықтырдық. Техника қауіпсіздігін сақтап, «бес қаруын бойына ілген», жұмыс киімін киіп, қорғаныс құралдарымен қаруланған теміржолшы кезекті ауысымға түсуге сақадай сай дайын отыр екен.