Семейде қауіпсіздік талаптары күшейтілуде

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік теміржолшылар қысқа даярлық шараларын аяқтауға таяу. Әсіресе, локомотив шаруашылығы бойынша біршама күрделі жұмыстар жүргізілуде. Әзірлік барысы қозғалыс қауіпсіздігін қатаң сақтаумен қатар өріс алуда.

Бұл ретте локомотив бригадаларына жоспардан тыс тексерістер мен комиссиялық бақылау сынды шаралар жүргізілуде. Жалпы, ағымдағы жылы Семей ЖТ бөлімшесінде локомотив кешені бойынша ақаулықтар біршама төмендеген. Бұл көрсеткіш жалпы ұлттық компания көлемінде орын алып отырғанымен, жергілікті теміржолшылардың қырағылығы аса жоғары. Осыған дейін барлық бөлімшелердегі орын алған ақаулықтар мен тосын жайттардың себеп-салдары зерделеніп, локомотив бригадаларына ұсынылған болатын.

– Сараптама көрсеткендей, машинистер мен олардың көмекшілері жіберетін бірінші кезектегі ақаулық бағдаршам түсіне назар аудармау екендігі анықталды. Оған жұмыс барысындағы асығыстық, уақытты дұрыс есептемеу, маневрлік жұмыс кезінде қос бағыттағы қозғалыс барысындағы бақылауды жоғалту сынды көптеген жайттар себеп болады. Бұл орайда, қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында арнайы айлықтар мен акциялар өткізілді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің локомотив шаруашылығы бойынша ревизоры Данияр Бекішев.

Осы ретте «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Семей телімінің аймақтық бас ревизоры Сайлау Юсуповтың бастамасымен ТЧЭ-24, ТЧЭ-25 мекемелері теміржолшыларының басқосумен жиындар өтіп, желі бойындағы және маневрлік жұмыстар кезіндегі қозғалыс қауіпсіздігі мәселесі кеңінен талқыланды. Осы орайда, Сайлау Түсіпұлының әзірлеуімен бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетудің алдын алу мақсатында 11 қағидадан тұратын ережелер жинағы әзірленген болатын. Тораптық жиындарда локомотив бригадаларының назарына ұсынылған бұл жадынама қазіргі таңда семейлік машинистердің күнделікті қолданысына толық енгізілген.

Ал қазіргі таңда бөлімше қарамағындағы локомотивтер кешені бойынша ревизорлық тексеру жұмыстары барынша ширатылды. Мәселен, қыркүйектің 16-нан бастап Ақтоғай станциясынан бастау алатын бақылау-қадағалау жұмыстарын ЦРБ-ның қатысуымен НұрСұлтан қаласынан келетін арнайы комиссия жүргізеді деп күтілуде. Ал ондағы анықталған кемшіліктер осы айдың 23 күні бастау алатын күзгі комиссиялық тексеруге дейін қалпына келтірілуі тиіс.