Өтпе кезекшісі болу оңай ма?

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Шымкент жол дистанциясына қарасты 3294-ші шақырымдағы Сайрам теміржол өтпесіне келіп, кезекші жұмысын көзбен көріп, негізгі атқаратын міндеттерімен жақынырақ танысудың сәті туды. 

Әміржан Бейсенов – Сайрам өтпесінің кезекшісі, еңбек өтіліне биыл – 23 жыл. Алғашында дистанцияда жолшы болған ол соңғы 15 жылдан бері өтпе кезекшісі екен. Өтпе кезекшілігінде ауысыммен 3 адам жұмыс істейді. Әмірхан Бейсенбаевтан басқа Нұртан Беков пен Берік Жұматов бар.

Сайрам ауданы бұрын облыстың қарамағында болатын. Қазір Шымкент қаласы құрамына енгелі көлік ағыны да, адам саны да көбейген.

Өтпе кезекшісінің айтуынша, тәулігіне 20 мыңнан астам көлік өтеді. Себебі, Сайрам өтпесі қалаға кіреберіс пен қала сыртындағы елді мекендерді байланыстырып тұрған түйіспе жерге орналасқан. «Өтпе кезекшісі болу оңай емес. Өте жауапты жұмыс. Сондықтан оған сырттан кез келген адамды алмайды, алдымен осы теміржолда істеген азды-көпті тәжірибең болуы керек. Бүгін жұмысқа күндізгі ауысымға түстім, ертең кешкісін сағат тоғызда түсіп, арғы күні таңғы сағат тоғызға дейін осында боламын. Жұмыс уақыты – 12 сағаттан. Жұмыс ауыр, көлік көп. Әсіресе таңғы сағат жеті мен онның арасында және кешкісін сағат 17.00 мен 19.00 арасы нағыз «час пик» – Сайрамнан келетіндер көп, бәрі қалаға жұмысқа барады, кешкісін үйлеріне қайтады. Өткелде көліктерді бақылайтын бейнекамера жоқ. Әкімшілік қоямыз деп уәде бергенмен, әлі қойған жоқ. Әрине, жол апаты орын алған емес, сонда да бейнекамера қажет. Небір адамдар бар, кейбірі балағаттап кетеді. Біздер пойыз келерден 2-3 минут бұрын жолды жабамыз. Пойыз өтем дегенше 5 минут өтеді. Соған кейбір жүргізушілердің шыдамы жетпей жатады. Кейбірі зу етіп өте шығады. Номерін де байқамай қаламыз. «Сен шлагбаумды неге ашпайсың, әдейі жауып қойғансың» деп өзіңе дүрсе қоятындар бар. 102 номеріне хабарласып, полицияға айтсақ, «арыз жазыңдар, номері қандай» деп сұрайды. Бұл жерде бейнекамера жоқ болғандықтан нақты ұсынатын дәлеліміз болмай амалсыздан кейде осындай бассыздықтарға көніп, жұмыс істеуге тура келеді», – дейді Ә.Бейсенов.

Шлагбаумның ұзындығы 4 метр, ал оны жолды түгелдей жауып қоймай 3 метр ашық қалдырады екен. Өйткені, көлік өтетіндей жағдай жасалады. Мысалы, жедел жәрдем көлігін тоқтатпай өткізеді. Қауіп болған жағдайда арнайы щиттегі пломбаны жұлып тастап, батырманы басқан кезде 500 метр жерден бағдаршамның қызыл түсі жанады. Рациямен машиниске жүруге болмайтыны туралы хабарлайды.

Өтпе кезекшісінің жұмыс орны, аядай бөлме жып-жинақы. «Бүгін еңбек қауіпсіздігіне және еңбек қорғауға осы адам жауапты!» деген жазу ілініп тұр. Екі телефон бар, бірімен машиниске, екіншісімен станция кезекшісіне, диспетчерге хабарласып отырады. 2017 жылы Маңғыстауда теміржол өтпесінде болған жол апатының суреті де ілулі тұр. Ол оқиғада 9 адам қайтыс болған. Өтпе кезекшілеріне «бұл жағдай қайталанбауы керек» деген ескертпе ретінде ілулі тұрғанын айтпай-ақ аңғардық.

Бейсеновтің айтуынша, автожолдағы жолақтар өшіп кеткені де кедергі. Жолда жолақ болса, көліктер екі қатарға тұрып, кептеліс болмайды. Көлік иелеріне жолда екі қатарға тұрмаңдар, сендер жол ережесін бұзып тұрсыңдар десе, жолағыңыз қайда деп өзінен сұрайтын көрінеді. «Ондай кезде біздің де аузымызға құм құйылып, ештеңе дей алмай қаламыз. Негізінде, бұл жерге жолақтар сызылуы керек. Жолақ болмаса да екі қатарға тұруға болмайтынын біледі. Алайда қазір бәрі асығыс. Адамдар ашушаң болып кеткен. Әкесінде де, баласында да бір-бірден көлік. Әр отбасында кемі үштөрттен көлігі бар. Бұрын көліктер аз болатын», – дейді өткел кезекші.

Әкімдік осы өтпеге бейнекамера орнатамыз деп уәде бергелі 5-6 жылдың жүзі болыпты. Одан бері не камера жоқ, не жолақ сызылмаған...

Міне, мен келгелі түске дейін оннан аса пойыз өтті. Сағат 12.05-те Тальго пойызы өтетіні рациямен хабарланды. Өткел кезекшісі жалма-жан шлагбаумдарды жабуға кірісті. Жүрдек пойыз өтемін дегенше көшенің екі жақ бетінде көліктер қаз-қатар тізіліп, ұзына бойы кептеліс пайда болды. Көз алдымызда зу етіп өте шыққан жолаушы пойызын жалаушасын көтеріп шығарып салған өтпе кезекшісі қайтадан шлагбаумдарды ашты, көліктер де қозғала бастады...