Қырағы қызмет сарбаздары

Асел Танатарова

Асел Танатарова

Темір жол бойындағы тәртіп бұзушылықты, ұрлық-қарлықты болдырмауды қадағалайтын күзет қызметінің жұмысы қаншалықты қиын екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Бұл – арнайы техникамен жарақтандырылған, қару-жарақпен де қамтылған кәсіби күзет.

«Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚның Тараз қаласындағы филиалына ат басын бұрғанымызда кәсіби күзет қызметінің қиындығы мен қауіптілігіне көз жеткіздік. Филиал директоры Бауыржан Төлепбергеновтің айтуынша, 800-ден астам азамат еңбек ететін мекемеде кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар іріктелген. 600 күзетшінің әрқайсысы жұмысқа кірерде жіті тексерулерден өткен, физикалық және психологиялық тұрғыдан мүмкіндіктері әбден зерделенген. «Теміржол мүлкін, жүк пен жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты күзет қызметінде жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді, сондықтан жігіттердің барлығы дерлік Отан алдындағы борыштарын өтеп келген, ысылған. Оларға күзет жұмысын сеніп тапсыруға болатындығына көз жеткізгенбіз», – дейді Бауыржан Амантайұлы.

Филиалдың Тараз қаласынан бөлек, Сарышаған, Шу, Луговой және Қырғыз елімен шекарадағы Маймақ станцияларында бөлімшелері бар. Бұдан өзге, шұғыл жағдайда әрекет ететін арнайы топ та жасақталған. «Бұл шұғыл әрекет ететін топта 29 күзетші қызмет ететін болса, Тараз қаласындағы темір жол бойын 230 адам күзетеді. Ал Шу станциясында – 218, Луговойда – 44, Сарышағанда – 69, Маймақ станциясында 24 азаматымыз осы қырағы күзет қызметін мүлтіксіз атқаруда», – деп жалғады сөзін мекеме басшысы. Аймақтағы Тараз, Шу қалаларында теміржол вокзалдары қозғалысы жиі адамдар көп шоғырланған нысан болғандықтан, олардың қауіпсіздігі де осы әскерилендірілген күзет қызметінің жіті назарында тұр. Сол вокзалдардағы ахуалды, жолаушылар жүгін тексеретін құрылғы қызметінде 100 адам бар. Күзет қызметіне қару-жарақ пен құралжабдықтардан бөлек, 10 автокөлік те бөлінген. Олар мамандарды қажетті нысанға дер кезінде жеткізуге сақадай-сай тұр. Бауыржан Амантайұлының айтуынша, әскерилендірілген күзет қызметі болған соң, мамандардың төтенше оқиғалармен бетпе-бет келетін кездері аз емес көрінеді. Мәселен, биылғы жылдың басында Тәтті станциясында мынадай жағдай тіркеліпті: Вокзалда кезекшілікте тұрған қызметкер Мұрат Тілеуқұлов өтіп бара жатқан жүк вагондарынан бір адамның сұлбасын байқап қалады. Ол әріптестеріне дер кезінде хабарлап үлгерген. Әскерилендірілген мамандар вагон соңынан тексере барғанда, жүк вагондардың ішінде шынымен беймәлім күдіктіні қолға түсіреді. «Оның жүк пойызында не мақсатпен жүргені анықталып, арнайы құжат толтырылып, желілік темір жол полициясы бөлімшесіне тапсырдық», – дейді күзет қызметінің басшылығы. Дәл осы іспетті оқиға шілде айында Бірлік станциясында да орын алған. «Ол кезде де өзіміздің жігіттер қырағылық танытты. Әдеттегідей темір жолмен өтіп бара жатқан жүк вагондарының бірінен бір адамды байқап үлгерген қызметкеріміз З.Жанәбілов шұғыл әрекет ететін топқа хабарлайды. Тексеріс нәтижесінде ұрлық ниетіндегі азаматты құрықтадық. Оған қатысты жедел хаттама толтырылып, Шу станциясындағы қауіпсіздік қызметіне тапсырылды», – деп түйіндеді сөзін «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ Тараз қаласындағы филиалының директоры.