Қауіпті сейілту тетігі

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Теміржол саласы бойынша стратегиялық маңызды нысандар аумағында, оның ішінде вокзал сынды қоғамдық орындардағы террорлық қауіптіліктің алдын алу – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.

Семей теміржол вокзалынан тәулігіне 2250-2280 жолаушыға дейін өтеді. Жергілікті теміржол бекетінде лаңкестік қауіптің алдын алу және түрлі бұзақылық пен ұрлыққа жол бермеу мақсатында қазіргі таңда 82 бейнебақылау камерасы орнатылған. Яғни, вокзал перронынан бастап күту залы, «теміржол алаңы», іргедегі көліктер тұрағы сынды орындар тәулік бойы қадағалануда. Арнайы таблодағы қозғалыс барысы, жүргіншілер алақандағыдай көрінеді.

Бейнебақылау арқылы вокзал аумағындағы қозғалыс барысын қалтқысыз назарда ұстауға болады. Жүрістұрысы күдік тудыратын, деструктивті жат ағым өкілдерін де бірден байқап, жеке басын анықтауға болады. Террорлық актілердің алдын алуда күндізтүні қадағалау жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы зор, – дейді Семей станциясы ЖІІБ полиция бөлімінің жедел уәкілі Еркебұлан Құдайбергенов.

Мұнымен қатар, бүгінде Семей теміржолы бойынша «ҚР діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» талаптары аясында барлық вокзалдар ішінде лаңкестік қауіпке байланысты жадынамалар ілініп, «қауырт желі» телефон номерлері берілген. Сол тәрізді террорлық акттің алдын алу бойынша алдын ала хабарлау, қатер орын алған сын сағаттағы қызметкерлер әрекеті туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр.