Қазандықтар қысқа дайын

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесіндегі темір жол нысандары мен жол бойы тұрғындарын сапалы ауыз сумен және қажетті жылумен қамтамасыз етуші «Теміржолсу-Қызылорда» мекемесі алдағы қыс маусымына дайындық жасауда.

Мәселен, олар аудан орталықтарындағы жылу қазандықтарын сынақтан өткізіп, жылу құбырларының қысқа дайындығын тексеруден өткізуде. Оған қоса жылу пештеріне қажетті қатты отынға алдын ала тапсырыс беріліп, ағымдық жөндеуден өткізілген көмір сақтайтын қоймаларды дайындауда. Көгілдір отынмен жылытылатын Шиелі, Жаңақорған станцияларындағы жылу қазандықтары да дайын. Жылу және су құбырлары тазалануда. Қыс маусымына мекеменің дайындығы жайлы мәлімдеген мекеме бастығы Марат Шайжан жақын күндерде тағы бір жылу қазандығының көгілдір отынға қосылатынын жеткізді.

– Мекеме бойынша аймақта 3 су айдау станциясы, 17 қысымды су мұнарасы, 30 сумен қамту нысаны және 90 шақырымға жуық ауыз су құбыры бар, оларды толығымен қыс маусымына дайындықтан өткізу жұмыстары қатаң бекітілген кестемен атқарылуда. Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек, Белкөл, Төретам, Шиелі және Жаңақорған станцияларында орналасқан 8 жылу қазандығы қыс маусымына дайындық сынағынан өткізіліп, қажет жерінде жөндеу, тазалау шаралары жүргізілуде. Осыған дейін аймақтағы сегіз жылу қазандығы қатты отынмен жылытылып келсе, бір-екі жылдың көлемінде жылу пештерін көгілдір отынға біртіндеп ауыстыру жұмыстарын қолға алдық. Өткен жылы Жаңақорған мен Шиелі станцияларындағы жылу қазандығы газға қосылған еді, биыл Белкөлдегі көгілдір отынға қосылатын пешті әзірлеу жұмысы толық тәмамдалып, жылу маусымында ол газбен жұмыс жасауға кіріседі, – деді Марат Шайжан.

Биыл аймақтағы сегіз жылу қазандығының үшеуі көгілдір отынмен жұмыс жасайтын болғандықтан қалған бес қазандыққа қажетті 210 тонна көмір отынын қоймаға жинап алу үшін тиісті мекемемен келісімшарт жасалып, жақын күндерде көмір отыны жылу қазандықтарының қоймаларына жеткізіледі деп күтілуде.