Нұр-Сұлтанда машинажасаушылар бас қосады

Үстіміздегі жылдың 12-13 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтеді. «Машина жасау Қазақстанның индустрияландыру драйвері» тақырыбына арналған форумның миссиясы жаңа уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап беретін отандық машина жасауды дамыту.

Форумға мыңға жуық делегат қатысады деп күтілуде. Олардың арасында қазақстандық және шетелдік машинажасау кәсіпорындарының жетекшілері, орталық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, даму институттары, бизнес ассоциа- циялар өкілдері мен машинажасау өнімдерінің ірі тұтынушылары бар. Форумның мақсаты машинажасау саласын дамытудың стратегиялық бағытын талқылап, 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде саланы дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу және жаңа уақыт сын-тегеуріндерін сараптау; импорталмастыру мәселелерін талқылау, өндірісті ынталандыру бойынша ұсыныс әзірлеу, саладағы жастар мәртебесін арттыру, сондай-ақ, цифрландыру жағдайында отандық өндірісті дамытуға қатысты жаңа тәсілдемелерді талқылау болса, міндеттері өндірісті ынталандыру және саланы дамыту бойынша ҚР Үкіметі мен «Атамекен» ҰКП үшін конструктивті ұсыныстар дайындау, жас мамандардың мәртебесін көтеру және жастарды машинажасау саласын таңдауға ынталандыру, саланы цифрландыру проблемаларын талқылай отырып, оларды шешудің оңтайлы жолдарын қарастыру, сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікті арттыру және салаға инвестициялар тарту бойынша нақты шараларды анықтау, сала проблемаларын шешу үшін B2G, B2B шеңберінде жемісті диалогты жолға қою екен.

Форум жұмысы әртүрлі тақырыпты қамтыған төрт панельдік сессияға ұласады және форум шеңберінде секциялық салалық жиындар өтеді. Олардың бірі мұнайгаз машинажасау саласына арналса, екіншісі ауыл шаруашылығы, үшіншісі тау-кен металлургиялық, төртіншісі, теміржол машинажасау салаларына, ал бесіншісі машинажасау технологиялары, техникалық реттеу және цифрландыру тақырыбына арналмақ. Сонымен қатар форум аясында көрме ұйымдастырылып, онда жиынға қатысушылар өндірушілердің мамандандырылған көрме экспозицияларымен таныса алады. Сондай-ақ, осы форум жұмысы барысында жастармен «Менің өмірім – менің таңдауым» тақырыбында «тікелей» коммуникация форматында кездесу өткізіліп, роботехника бойынша байқау қорытындысы жасалмақ.