Тамызда ҚТЖ желісі бойынша 22 млн тонна жүк тасымалданды

Тамыз айы табысты аяқталды деуге негіз бар. Осы айда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы желісі бойынша 22 млн тонна жүк тасымалданды.

Бұл жүктің басым бөлігін, яғни 8,6 млн тоннасын қатты көмір отыны құрап отырған көрінеді. Жылу беру маусымы жақындаған сайын көмір тасымалы қарқын ала бастаған сыңайлы. Соның 6 млн тоннадан астамы елдің ішкі тұтыну нарығына жөнелтілсе, қалғаны шет елдерге асқан. Ал тамыз айында 400 мың тоннадан астам астық тасымалы жүзеге асып, оның эскпортқа шығарылған көлемі 287 мың тоннаны құраған екен. Бұдан байқайтынымыз – қазақ астығына шетелдік тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоғары болып отырғаны. Есепті айдағы пайдаланымдағы жүк айналымына келсек, оның көлемі 19 млрд т-км неттоны құраған.

Жалпы алғанда, үстіміздегі жылдың сегіз айындағы көрсеткіш көңіл сергітерлік. Жыл басынан бері «ҚТЖ» ҰК» АҚ желілері бойынша 165 млн тонна жүк тиеліп, жөнелтілген. Соның ішінде, тиелген 65 млн тонна көмірдің 44 млн тоннадан астамы Қазақстан ішінде қалып, өңірлерге таратылса, тиелген 6,4 млн тонна астықтың 4,3 млн тоннасы шетелге экспортталған.

Қаңтар-тамыз айларында пайдаланымдағы жүк айналымының 146 млрд-тан астам тонна-км неттоны құрап және де бұл көрсеткіштің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6%-ке өскенін байқаймыз.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мамандары өткен жылмен салыстырғанда биыл сегіз айда пайдалану қызметіндегі сапалық көрсеткіштердің де жақсара түскенін айтып отыр. Атап айтқанда, локомотив және жүк вагонының өнімділігі 2% және 2,8%-терге өссе, жүк пойызы қозғалысының телімдік және техникалық жылдамдықтары, жұмыс вагонының айналымы 2,2%-терге артқан.