«Айқын бағыт» – алыстан бақылау

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Бұдан былай «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша жылжымалы құрам, темір жолдар жағдайы, өткелдер мен көпірлер ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің «Айқын бағыт» жобалық кеңсесі арқылы қашықтан бақылауға алынады.

Бұл туралы кеше аталған министрлікте көлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа әдістерін қолдануға және комитет қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыратын кеңсенің ашылуында Көлік комитетінің өкілдері баяндады. Бақылау темір жол компаниясының ақпараттық жүйесіне аталған комитеттің қолы жеткеннен бастап жүргізіледі. Бүгінгі таңда ұлттық компанияның АСО УП, яғни тасымалды жедел басқарудың автоматтандырылған жүйесі және «Пойыз-мониторинг» АБК жүйелері бойынша жұмыстар аяқталды.

– Көлік саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа әдістерін қолдану, Комитет қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ашылған «Айқын бағыт» жобалық кеңсесінің негізгі жобаларының ішінде темір жол бағыты да бар. Яғни жылжымалы құрам мен темір жолға, өткелдер мен жасанды имараттарға техникалық және сервистік қызмет көрсету, жөндеу мерзімі мен түрлеріне бақылау жасалмақ, – дейді көлік комитетінің темір жол көлігі бойынша бақылау басқармасының басшысы Асқар Төлеген.

Осы бақылаудың нәтижесінде пойыздар жүрісі немесе мерзімі бойынша жөндеудің жоспарлы түрлеріне, жөндеу мерзімі өтіп кеткен пойыздардың орналасуына, құрамдағы жолаушылар вагонының санына, жолаушылар билетінің сатылымына, жолаушылардың жиілігі мен қайтарылған билеттер санына мониторинг жүргізіледі. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ақпараттық жүйесі арқылы дер кезінде жоспарлы алдын алу жөндеуінен өтпеген жасанды имараттар, өткелдер мен жолдар және жылжымалы құрамдар анықталып, соған байланысты қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған сол құрамдар жұмысы мен көпірлер мен өткелдерді пайдалануды тоқтатуға шешімдер қабылданады.

Сонымен қатар, «Магистраль» басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы жоғары жер төсемдерінің жарамсыз жағдайда болуына жол берілмейді. Осы жүйемен комитет барлығы 21 мың км жолды бақылауда ұстайды. Осы аралықта соның 7293 км-не тексеру жүргізілген. Ал «Экспресс» автоматтандырылған жүйесі арқылы олар пойызға билетсіз мінген 787 жолаушыны анықтаған. Мұның бәрі шаруашылық субъектілерін аяқтай барып тексеруді азайтып, темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуының алдын алуға, темір жол көлігінде барлық субъектілерді қамтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін кемітуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, комитет қызметінің тиімділігін арттыру үшін функционалдық талдау жүргізу және бизнес-үдерістерді оңтайландыру жолымен ISO 9001 стандартына қол жеткізу жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта функционалдық талдау жүргізу нәтижесінде министрліктің, комитеттің және құрылымдық басқармалардың ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілуде. Сонымен қатар, әрбір маманның лауазымдық нұсқаулықтарында жүктелген міндеттер нақты көрсетіледі. Бұдан бөлек, комитетте деректердің үлкен көлемін санаулы мерзімде өңдеуге мүмкіндік беретін BI-жүйелерді енгізу жөніндегі жоба іске асырылып жатыр.