Вокзал бастығының көмекшісі нені армандайды

Алматы-1 вокзалы бастығының кезекші көмекшісі Алма Есімханды теміржолшылар жақсы таниды. 36 жылын теміржолға, оның ішінде туған ұжымы Алматы-1 вокзалына арнаған жанның ұзақ еңбек жолының құпиясы – өз мамандығына деген адалдық.

Вокзал бастығының көмекшісі – көпфункционалды және коммуникативтік, адамнан өз міндеттерін мұқият және нақты орындауды талап ететін лауазым. Күн сайын 8-10 мыңға дейін адамды қабылдайтын вокзалдың үздіксіз жұмысына ең жауапты тұлғалардың бірі. Себебі, күн сайын қаншама жолаушылармен тікелей қарымқатынаста жұмыс істеп, түрлі ситуацияларға тап болып, шешімін іздеуіне тура келеді. Алма Ахметханқызының ойынша, вокзал қызметі қалай жұмыс істейтініне қарап жолаушылар жалпы темір жол көлігінің жұмысын бағалайды. Сондықтан вокзал кешенінің барлық қызметтері бірдей ырғақпен жұмыс істеуі үшін вокзал бастығынан бастап жүк сақтау камерасының жұмысшысына дейін жауапкершілік жүктелген.

Аягөз қаласында туып-өскен Алма теміржолшылар отбасында дүниеге келген, бірақ мектепті бітіргеннен кейін басқа мамандықты таңдап, ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, өсімдіктерді қорғау жөніндегі агроном болып жұмыс істей бастады, бірақ тағдыр бір сәтте басқа арнаға бұрылып, Алманың өмірі де аяқасты өзгеріп шыға келді. 1983 жылы Алма Алматы-1 вокзалына жұмыс істеуге келді. Алдымен диктор болды, одан соң анықтама беру кезекшісі, кейін вокзал бастығының кезекші көмекшісі болды. Айта кету керек, вокзал бойынша кезекшінің міндеті тіпті де осал емес, вокзал бөлімшелерінің жұмыс технологиясын жақсы білуі, күту залындағылар және жалға алушылармен тіл табыса білуі, пойыздар қозғалысының кестесін, еңбекті қорғау ережелері мен нормаларын, қауіпсіздік техникасын, сондайақ өндірістік санитария мен өрт қауіпсіздігін білуі қажет. Жолаушы халыққа жайлы жағдай жасау мен вокзал ішінде орналасқан барлық қызметтермен жақсы қарым-қатынас орнату, түрлі әлеуметтік топтар және қандай да бір мәселеге әртүрлі қабылдаулар, кейде жұмыс барысында мүлдем күтпеген жағдайлар туындап, оны дау-дамайсыз шешу Алма Ахметханқызы сынды мінезге бай, сабырлы да салмақты тәжірибелі маманның ғана қолынан келетіні анық.

Бірде қарт әжей пойыздан қалып қойып, көз жасын төгіп көмек сұрап келді, енді бірде жолаушы билетін жоғалтып жылап келді, солардың әрқайсысын өзінің проблемасындай қабылдаған мейірімді жан барлық мүмкіндікті, кейде тіпті мүмкін еместі де мүмкін етіп, өзіне сенім артып келгендердің мәселесін шешуге тырысады.

Сонымен қатар вокзал бойынша кезекші автоматты сақтау камерасын пайдалану ережелерін білуі тиіс, ауысым барысында Алма жолаушылардың багажын тексеретін тексеру қызметінің қызметкерлеріне міндетті түрде кіреді. Қарт және мүгедектер дегенде Алманың қарымқатынасы ерекше.

Мүгедектердің вокзал аумағында жүріп-тұруы үшін арнайы пандустар бар, ал вокзал маңы аумағында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін автокөлік қоятын орындар белгіленген. Алма Есімхан осындай ерекшелігі бар жолаушылармен қарым-қатынасы ерекше. Жағдайларын жасап, қажет болса мүгедектер арбасын жеткізіп, пойызға немесе көлікке өзі шығарып салады.

Алма Ахметханқызы көп жыл бойы бірге жұмыс істеген вокзалдың бұрынғы бастығы Рахат Байқашевті жылы еске алады, ал алғашқы тәлімгері Фариза Таксықбаеваны ұстазым деп таниды. Жас Алмаға вокзал кешені қызметкерінің мамандығын танып-біліп, өз ісінің қыр-сырын үйреткен сол кісі. Бүгінде өзі де тәлімгер ұстаз атанып, өздерін Алма Ахметханқызының шәкірттеріміз дейтін бір шоғыр маман өсіп жетілді. Олардың дені жетекші және негізгі посттарды алып отыр.

– Мен ешқашан қандай да бір биіктікке ұмтылмадым, адамдармен жұмыс істеу маған ұнайды, осы жерде өз орнымды таптым деп ойладым және сол үшін жалақы алып отырған соң өз міндетімді адал атқаруға тырыстым. Жас кезде үлкен қалада өмір сүрсем, өзім сүйген кәсіпті меңгеріп зейнетке шыққанша жұмыс істесем деп армандаушы едім, міне, сол арманым орындалған сыңайлы, – деп жымиды Алма.

Осы қырық жылға жуық еңбек еткен жылдары есінде қалған оқиға жайлы сұрағанымызда, «ондай оқиға көп қой, қайсыбірін еске аламын. Әйтсе де, Қызылағаш трагедиясы мен кешегі Арыс оқиғасы кезіндегі ауыр күндерді қалай ұмытасың? Жылағанды жұбатып, жолаушыларға үрей тудырмай тыныштандырып, орналастыру, жөнелту бізге оңай болмады. Халықпен бірге қиналып, бірге қуандық. Қысқасы, вокзал қызметінде күнделікті өмірдің өзі адреналин десе болғандай» дейді.

Биылғы жылы Алма Ахметханқызы ұзақ жылға еңбек жолын тәмамдап, құрметті демалысқа шығады. Өмірінің ажырамас бөлігіне айналған темір жолға, ондағы туыстай болған әріптестеріне айтар алғысы шексіз.