Магистраль майталманы: 30 жылдан аса өмірін кәсібіне арнаған маман

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе жол дистанциясының жол шебері Нұрлан Жұматаев – отыз жылдан аса өмірін сүйікті кәсібіне арнаған білікті маман. Кезінде Байкал-Амур магистралінде әскери борышын өтеген ол осы салаға ықыласы ауып, теміржолшы болғаны тағдырдың ең үлкен сыйы деп санайды.

Нұрлан Жұматаев – нағыз істің адамы. Оның әр сағаты жоспарланған. Дистанциядағы техникалық бөліммен әр күнгі кесте белгіленіп, соған сай жоспар түзіліп отырады. Қауіпті орындар анықталып, күнделікті схема жасалынады.

Кестеге сай жолдардың күтімін жасауға басшылық жасаумен қатар, Нұрлан Жұматаев жас мамандарға өндіріс техникасын үйрететін тәлімгер ұстаз екенін де естен шығарған емес.

«Біздің учаскеге қарайтын 18 шақырымдық тақ жол, 18 шақырым жұп жол және Алға, Тамды станцияларын күнбе-күн бақылауға алып отырамыз. Барлығы кесте бойынша тексеріледі. Қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін титтей ақаудың өзіне мән бере міз, өйткені бүгінгі кішкентай ақаудың өзі ертең үлкен апатқа айналмасына кім кепіл? Сол үшін де жол жағдайы қатаң бақылауда. Ең бастысы, жол қауіпсіздігі біздің қолымызда екенін бір сәт те естен шығармауымыз керек.

Үш бригада күніге 3,5 км жолды бақылауға алып отырады. Жолдың биік не аласа болып кеткен жеріне дейін мұқият өлшеп отырамыз. Қалыптан ауытқыған әрбір сантиметр үшін сұраныс үлкен. Пойыз тоқтамай жүріп жатқасын, ақау күнделікті шығып жатады. Біз соны уақытында қалпына келтіріп отырамыз. Айналып жатқан механизм сияқты», – деп бейнелеп, әсерлеп жеткізді жол шебері жұмыс тәсілін.

Өзіне жүктелген міндетті бес саусағындай білетін және кез келген ситуациялық жағдайда батыл шешім қабылдай алатын маманды жол дистанциясының басшылығы да жоғары бағалайды. Пойыздардың үздіксіз қозғалысына барлық білімі мен тәжірибесін жұмсап жүрген маман бүгінде дистанциядағы алдыңғы қатарлы оныншы айналымды басқарып отыр. «Бестамақ станциясында 24 жыл мастер болдым. Оның алдында жол жөндеушіден бастап бригадирге дейін тәжірибеден өттім. Әскерде де осы теміржол саласында борышымды өтедім. Байкал-Амур магистралінде өткен екі жылым маған қатты әсер етіп, әрі қарайғы тағдырымды шешкенін жасырмаймын. Елге келген соң еш ойланбастан каскамды қиіп жол дистанциясына бардым. Міне, содан бері 34 жыл өтіпті», – дейді сонау 21 жасар бозбала кезінде табан тіреген теміржолдың бүгінде нағыз батырына айналған апайтөс жігіт ағасы.