Қозғалыс қауіпсіздігіне қосылған үлес

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі аумағында орналасқан Бурабай курорты вагон пайдалану депосына Жаңаесіл, Көкшетау, Пресногорьковск, Бурабай курорты, Тайынша техникалық қызмет көрсету пункттері кіреді. Бұдан басқа депоның Ресей темір жолдарына қарасты Оңтүстік-Уральск темір жолымен түйісетін Пресногорьковск және Петропавл станцияларында екі мемлекеттік түйісу пункті, 4 ағымдық ағытып алып-жөндеу цехы, 19 бақылау қосыны бар.

Депоның жалпы қызмет көрсету иінінің ұзындығы 918 км болса, кепілдік иінінің жалпы ұзындығы 3948, ал қызмет көрсету телімінің ұзындығы 935 шақырымды құрайды екен. Бурабай вагон пайдалану депосы 20 жиынтық «КТСМ – 02», 6 жиынтық «КТСМ – 01ПКЛ», 20 жиынтық «УКСПС» аппаратурасымен жарақтандырылған. Осы жылдың жеті айында бурабайлық вагоншылар пойыздық және маневрлік жұмыс барысында апатқа ұшырау, күйреу оқиғаларына жол бермеген. Есепті мерзім ішінде 160 мың 500-ге жуық пойыз бақылаудан өтіп, өткен жылға қарағанда бақылаудан өткен пойыздар саны 4 965 бірлікке көбейген.

Бурабай курорты вагон пайдалану депосы бас инженері Ғалымжан Балабатыровтың айтуынша, өткен жеті айда 4 пойызды роликтік буксының қызып келе жатуына байланысты тоқтатуға тура келіпті. Сонымен қатар автотежегіш жабдығының жұмыс барысында істен шығуына байланысты 1 пойыз тоқтатылған. Ал ағымдық ағытып жөндеу жұмысына биыл жеті айда 1839 вагон келіп түссе, осы уақыт аралығында 1602 вагон жөнделіп шыққан. Вагон депосы мамандары өткен жылға қарағанда биыл вагондардың жөндеуге ағытып алынуы да, жөнделіп шығуы да 185 және 232 бірлікке азайғанын айтады. 

Кілең сайдың тасындай өз ісінің білгірлері жиналған депода мамандардың қырағы назарынан иненің жасуындай ақаулардың өзі қалыс қалған емес. Олай дейтін себебіміз, өткен жеті ай ішінде вагон қызметкерлері 41 рет аса күрделі ақауларды анықтаған. Олардың 31 оқиғасы бүйір рамасының жарықшағына қатысты болса, салқын жағдайда роликтік букстың бұзылуына қатысты 5 оқиға, тартымдық қамыттың сынуына байланысты 3 оқиға, автотіркеменің жарықшағына қатысты 1 оқиға тіркелген.

Осы ретте, вагондардың ақауын уақытылы анықтап, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан вагон қараушыжөндеушілер Мейрам Байбуров, Рафаел Бектемиров, Виктор Никитов, Өмірбек Айтенов, Ербол Смағұл биыл «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталса, бірқатар вагон қараушылар «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамотоларына ие болды.

«Бурабай курорты вагон пайдалану депосында еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтауға айрықша назар бөлінген. Өйткені вагон қараушы-жөндеушілердің жұмысы пойыздар қозғалысымен тікелей байланысты.

Сондықтан жұмысқа түсер алдында ауысым алды, мерзімді медициналық тексерістерден өтіп тұруы заңды және бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Биыл еңбек қорғау саласында біраз жұмыстың басы қайырылды. Айталық, нөлдік жарақаттануға қол жеткізу бойынша техникалық сабақтарда, өндірістік жиындарда жұмыстар жүргізіліп, әр қызметкерге жұмыстың қауіпсіз әдістері туралы ақпараттар жеткізіліп, келіп түскен факсограмма бойынша ПТО, ТОР, КП еңбеккерлерімен жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіліп келеді. Нәтижесі де жоқ емес, жеті айда өндірістік жарақаттану оқиғаларына жол берілмеген. Сонымен қатар депо еңбеккерлерінің еңбек және технологиялық тәртіптерін сақтауына қатысты кенеттен тексерістер жүргізіліп тұрса, олардың білім-біліктіліктерін жетілдіру жағы да қарастырылып отыр. Мәселен, осы жылы 14 адам еңбек қорғау тақырыбы бойынша оқудан өтсе, 3 адам өндірістік қауіпсіздік, тағы 2 адам электрқауіпсіздігі бойынша білімдерін жетілдірді», – дейді ВЧД-34 депосының бас инженері Ғалымжан Зейноллаұлы.

Сөз реті келгенде, Бурабай вагон пайдалану депосында рационализаторлық қызметтің өркендеуіне де басшылық тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын айтар едік. Биыл депо бойынша 14 рационализаторлық ұсыныс рәсімделген.