Маңғыстау станциясында өртке қарсы кезекті оқу-жаттығу өтті

28 тамыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен күндізгі сағат 11:10 минутта Маңғыстау өрт сөндіру пойызының кезекшісіне «суық» хабар жетеді. Кезекші Маңғыстау станциясында мұнай тиелген вагоннан өрт шықты деген ақпарды алысымен шұғыл әрекет етуге кіріседі. Бір сәтте оқиға орнына қажетті техникамен адамдар келіп, қызыл жалынмен алысуды бастайды...

Маңғыстау станциясында өткен өртке қарсы кезекті оқу-жаттығу осылай басталды. Жыл басынан бері осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған пысықтау шарасына 53 адам, 3 техника жұмылдырылды. 32 минутта өрт толық сөндіріліп, оның салдары 42 минутта қалпына келтірілді.

− Мұнай тиелген екі цистерна Маңғыстау станциясында маневр жасау барысында «сход» болады. Соның кесірінен цистернаның біреуінде от шығады. Апат болған жерге сағат 11:18-де Мұнайлы аудандық №5 Өрт сөндіру бөлімінен бір «Камаз» арнайы көлігі, 11:20-да біздің өрт сөндіру пойызы келді. Бірлесе қызыл жалынды жоюға кірістік. Бір цистернаға су, екіншісіне көбік шаштық. «Тілсіз жау» сағат 11:38-де ауыздықталып, 11:50-де толықтай өшірілді. Қалпына келтіру пойызы 12:10 минутта крандарын орнатып, 12:52-де жұмысын аяқтады.

Жаттығуға жасақтан – 11, Маңғыстау қалпына келтіру пойызынан – 15, Мұнайлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен – 6, Маңғыстау станциясынан – 3, жол дистанциясынан – 1, электрмен жабдықтау дистанциясынан – 3, ВЖДО-дан 14 адам қатысты, – деп мәлімет берді Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағының бастығы Қайырхан Таласов. Қ.Таласовтың сөзіне сүйенсек, теміржолдағы қауіпсіздік үшін жасақ өртке қарсы іс-шараларын қашанда басты орынға қояды. Содан болса керек, осы сегіз айға бірде-бір өрт дерегінсіз шығып отыр.

− Жыл басынан бастап жасақ бойынша 76 240 жүк вагондары тексерілді. 3717 адамға нұсқау өткізілді. 153 жолаушылар пойызы, 1957 вагон қаралды. Оның ішінде құрама басында 91 пойыз, 1217 жолаушылар вагоны, жол бойында 62 пойыз, 740 жолаушылар вагоны бақыланып, 372 кемшілік анықталды. Бес жолаушылар вагонына қатысты ескерту парағы берілді, жолаушылар пойыздары бойынша 2877 адамға нұсқау өткізілді. Сондай-ақ, 2652 локомотив, 79 арнайы құрама тексеріліп, локомотивтен 1706, арнайы құрамадан 4 кемшілік анықталды. Нысандардан 291-ін бақылап, 341 кемшілік кездестірдік. 17 нысанға және 3 тоқ жүйе және ескерту парағы берілді. 22 теміржол жиегінен 14 сәйкессіздік таптық. Жалпы, өртті өшіргенше оның алдын алған әлдеқайда пайдалы екенін азаматтардың есіне сала кеткеніміз артық болмас, – дейді жасақ бастығы.

Еске сала кетсек, Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағы өткен жылдың қорытындысына сәйкес жуырда Салалық жарыстың үшінші дәрежелі дипломымен марапатталды.