Қызылордада балаларға арналған «Мектепке жол» акциясы өткізілді

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесінің мәжіліс залында көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «Мектепке жол» акциясы өткізілді.

Бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев, Магистральдық желі бөлімшесі директоры Ибраким Басықараев, «Теміржол» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаеваның ұйымдастыруымен өткен шара барысында бөлімше басшылары әрбір баланың сабаққа барып білім алуына қолдан келген мүмкіндік жасалатынын және де осы мақсатта аймақ теміржолшылары жыл сайын игі шараны қолдап, өткізіп келе жатқандығы айтылды.

– Біздің мақсатымыз – акция барысында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындау, олардың білім алуына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта акциядан тыс қалмай әріптестеріміздің балаларына мүмкіндік шеңберінде көмек көрсетіп отырмыз, – деді Магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев.

Шара барысында кәсіподақтың демеушілігімен 10 балаға арнайы алынған мектеп сөмкелері таратылды. Одан бөлек 10 теміржолшыға қаржылай көмек берілді. Шараға қатысқан ата-аналар дер кезінде көрсетілген көмекке ризашылығын білдіріп, балалар үшін бұл білім күніне тамаша тарту болғанын жеткізді.