Діни экстремизмге жол жоқ

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Жуырда Семей магистральдық желі бөлімшесі қызметкерлері үшін мән-маңыздылығы жоғары басқосу өткізілді. Бөлімшенің бас инженері Айдос Жаманбаевтың қатысуымен өткен жиын барысында деструктивті діни ағымдар зардабы туралы кең көлемде түсінік берілді.

Жиын барысында Семей өңірлік дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог мамандары діни экстремизм мен радикализм профилактикасы және іріткі салушы дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға төндірер қаупі туралы айтып берді. Көпшілік алдында орталық жетекшісі, теолог Мақсат Кәрібаев сөз алып, радикалды адастырушы ағымдардың сипаты мен залалы жайында дәйекті пікір өрбітті. Өз баяндамасында Ислам дінінің ықшам тарихына тоқталған теолог жат діни ағымдардың пайда болуы мен оның салдарына тоқталды. Сондай-ақ, шариғат пен салт-дәстүрді астастыра ұстану, конфессияаралық келісім, ұлттық код туралы айтып өтіп, жамағаттың бірлігі, ата-бабаларымыз үшін дәстүрлі саналатын Ханафи мәзхабы жайында толғамды пікір білдірді. Сонымен қатар, теолог зайырлы қоғамның құндылықтары, діни төзімділік туралы да сөз етті.

Жиын барысында теолог мамандар қазіргі таңдағы жиһад түсінігі жайында сөз өрбітіп, ғаламтордағы күмәнді сайттардың бүлдіргі ақпаратынан сақтандырды. Мұнымен қоса, әлеуметтік желіні қолдану мен діни рәсімдерді орындаудағы діни тұрғыдағы заң бұзушылықтар жайлы жеткізді. Мысалы, діни сауаты жоқ кейбір азаматтар тыйым салынған ағымдардың бейнероликтерін, уағыз-насихаттарын өз парақшаларына білместікпен жүктеулері себепті әкімшілік құқықбұзушылық жауапқа тартылып жатқан жағдайлар да бар екен.

Басқосудың соңында қатысушылар теолог мамандарға бірқатар сауалдар қойып, нақты жауаптар алды.