Ұлы мәртебелі қауіпсіздік сөз болды

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Үстіміздегі жылдың 27-28 тамыз күндері Бурабайда «Жүк тасымалы» АҚ филиалы – Ақмола жүк тасымалы бөлімшесі базасында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шығарылған республикалық семинар-кеңес өтті. 

Жиында кіріспе сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Ж.Жұматаев бүгінгі семинаркеңестің маңыздылығына тоқталды.

– Пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның маңызды міндеттерінің бірі және солай болып қала береді. Бұл мәселеге теміржол көлігін реформалау жағдайында да басымдық беріліп отыр. Бүгінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-да жаңа тәсілдемелер, принциптер және аспаптар негізінде қозғалыс қауіпсіздігін басқару жүйесін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Темір жол көлігіндегі пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі – бұл жолаушылардың өмірі мен денсаулығына, тасымалданатын жүктердің, инфрақұрылым объектілері мен темір жол көлігінің жылжымалы құрамының сақталуына, қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігіне қатерлі фактілердің туындау ықтималдығын төмендетуге бағытталған ұйымдастырутехникалық шаралар кешені. Бүгінде пойыздар қозғалысы қарқындылығының артуы, олардың жылдамдығы мен массасының ұлғаюы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдарының сапасы мен сенімділігіне қатаң талаптар қойып отыр. Ал қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған міндеттерді жүзеге асыру үшін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ға бірқатар ұйымдастыру-техникалық шаралары енгізілуде. Қозғалыс қауіпсіздігі қалай сақталады? Әлбетте ол, барлық темір жол құрылыстарының, жол, жылжымалы құрам, жабдықтар мен механизмдердің, СОБ және байланыс құрылғыларының істен шықпай, тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ете алғанда ғана сақталады. Сондықтан, қызметкерлердің біліктілігі мен құзыреттілігінің жоғары деңгейін қолдау, қозғалыс қауіпсіздігінің корпоративтік мәдениетін дамыту үшін арнайы оқулар жүргізілуде, қала берді қызметкерлердің стандартты емес жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындығын бағалау жүргізіліп, қызметкерлерді ынталандыру бойынша шаралар қолданылуда. Алайда, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшылығы тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан 2019 жылдың есепті кезеңіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің жағдайы көңіл көншітпей отыр, – деді Ж.Жұматаев. 

Оның айтуынша, биыл өткен жылға қарағанда қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына әкелген оқиғалар саны артқан. Бұл оқиғаларды талдау барысында, станция кезекшісінің дұрыс іс-әрекет етпеуі, пойыз құрастырушысының, пойыз жылдамдықтарын реттеушілердің жұмыс технологиясын бұзуы салдарынан жағымсыз жайттарға жол берілгені анықталған. Локомотив шаруашылығындағы келеңсіз жағдайлар командалықинструкторлық құрамның қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, жеке өздерінің қатысу нормативтерін орындамауынан, жаңа сериядағы локомотивтердің конструктивті ерекшеліктеріне локомотив бригадаларын кәсіби тұрғыдан дайындамауынан және олардың біліктілік деңгейінің сәйкес келмеуінен болған.

Ал вагон шаруашылығындағы қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына, осы шаруашылықтың орталықтағы және желілік деңгейдегі басшылық құрамы тарапынан вагондарды жөндеу және дайындау технологиясына бақылаудың әлсіздігі мен талаптың жоқтығы, вагондарды қарау және жөндеудің технологиялық процестері регламентінің сақталмауы, вагон қараушылар мен жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі слесарлардың кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігі; диагностика құралдарының болмауы немесе істен шығуы, шаблондарды, өлшеу құралдарын уақытылы тексермеуі, сонымен қатар техникалық оқу сапасының төмендігі және олардың өткізілуіне бақылаудың болмауы сияқты факторлар ықпал еткен.

– «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына әкелген барлық оқиғаларда адам факторының қатысы бар, яғни станция, локомотив және вагон деполары қызметкерлері тарапынан нормативтітехникалық құжаттамалар талаптары орындалмай, технологиялық процеске қатысушылар арасында өзара әрекет етудің жоқтығы байқалады. Ең бастысы, осындай өрескел қателіктердің болуы бірінші кезекте шаруашылықтарға жауапты желілік, аймақтық деңгейдегі басшылар тарапынан бақылаудың жоқтығынан деп білемін», – деп түйіндеді сөзін департамент басшысы.

Бұдан кейін семинар-кеңеске қатысушылар назарына «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ бойынша пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі және оны жақсарту бағытында қабылданып, атқарылып жатқан шаралар туралы бейнеролик ұсынылды. Маңызды жиын барысында теміржол станцияларына комиссиялық айлық байқауларды ұйымдастыру және жүргізу ережелері, «Қауіпсіздік күнін» өткізу және ұйымдастыру, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту бағытында қабылданып жатқан шаралар, станция кезекшісі және маневр, пойыз локомотиві және моторовагондық жылжымалы құрам машинистері арасында сөйлесу тәртібі, тағысын тағы мәселелер кеңінен қозғалып, кеңеске қатысушылар тарапынан талқыланды. Ел аймақтарынан келген қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты мамандар сөз алып, өңірдегі шаруашылықтарда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Екі күндік жиын соңында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсене қатысқан мамандар марапатталды.