Қосжар Машенбаев - жарты ғасыр ғұмырын теміржолға арнаған

Құрметті теміржолшы Қосжар Машенбаев жарты ғасыр ғұмырын сүйікті кәсібі теміржолға арнаған жан еді. Мектептен соң Қазалы теміржол училищесінде кәсіби білім алып, 1961 жылы он сегіз жасында еңбекке араласқан екен.

1943 жылы Арал ауданының Қосжар ауылында туып-өскен Қосжар Нағашыбайұлы саладағы алғашқы еңбек жолын Қарағандының Ағадыр станциясында вагон жөндеуші болып бастаған. Екі жыл аталған станцияда жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған соң 1963 жылы Қазалы вагон пайдалану депосына ауысады. Бірте-бірте сатылап өсіп депоның вагон шебері, Қызылорда техникалық қызмет көрсету бекетінің шебері, 1976 жылдан бастап осы бекеттің бастығы, депо директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқара жүріп, вагон шаруашылығының дамуына бір кісідей үлес қосады. 1985 жылы саланың жоғары марапаты «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталады. 2006 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай оншақты жыл «Марал-Нұр» серіктестігінде басшының вагон пайдалану жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарады.

Өкінішке орай, ардагер теміржолшы туралы бүгінде өткен шақпен естелік айтуға мәжбүрміз. Таяуда ғана дүние салған Қосжар Нағашыбайұлы жайлы әріптестері мен шәкірттері жылы лебіздерін білдіріп, оның саланың барлық сатысынан өткен, білімі мен білігі келіскен сауатты маман болғанын айтады. Кезіндегі әріптесі жайлы естелік жазған ардагер локомотивші Төлеген Жылкелдиевке Қосжар Нағашыбаев арманына қол жеткізген жан деп ой түйеді. Өзінің айтуы бойынша «жарқ-жұрқ еткен форма киіп жүретін теміржолшыларға бала кезден қатты қызыққан. Мен де теміржолшы болам» деген байлам сол кезде-ақ пайда болып, балалық арманының жүзеге асқаны сол, жай қатардағы теміржолшы болып қана қойған жоқ, Құрметті теміржолшы аттанды.

Қызметтестері мен шәкірттері оның салалық жұмысты шебер ұйымдастыра білетін басшы болғанын, жас мамандарды тәрбиелеуде көп еңбек сіңіргенін де айтады. «Вагон шаруашылығының өркендеуіне өмірінің 48 жылын арнаған ол вагон қараушыға тән ерекшеліктерді саусақпен санағандай саралап, әріптестерін осы саланың қыр-сырын терең меңгеруге үйретуден жалыққан емес. Балалық арманымен теміржолшы болуды мақсат етіп, сол жолда талайлы тағдыр кешсе де мойымаған қайсар жан бәрімізге ұстаз болды,– деді Қазалы вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Құрманғазы Қизатов.