Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыру бағытында жобалар жүзеге асыруда

Транзит – Қазақстанның ең үлкен басымдығы. Еуропа мен Азияның кіндігіне орналасқан еліміз арқылы транзиттік тасымалдан түсетін табыс жыл өткен сайын артуда.

Алайда әлемдік нарықта алпауыт елдер арасындағы экономикалық текетірестер тауарлар айналымына қаншалықты әсер етуі мүмкін деген де ой туады. Олай болса транзиттен айтарлықтай табыс табуды көздеген Қазақстанның болжамы қалай болады деген мәселе ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір белбеу, бір жол» бастамасымен ұштастыра отырып, айтарлықтай табыс тауып отыр. Оның үстіне бұл жүкжөнелтушілер үшін де тиімді бағытқа айналды. Өйткені Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және өзге елдерге, сондай-ақ кері бағытқа тасымалданатын тауарлар теңіз жолына қарағанда, төрт есеге жуық аз уақытта жеткізілетін болды. Атап көрсеткенде, 2018 жылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытында 311 мың ЖФБ тасымалданыпты. Яғни, 2017 жылғыға қарағанда өсім 54% құрағандығын ерекше айту керек.

Ерекше атап көрсетерлігі сол, Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы контейнерлік тасымал көлемі 2018 жылы 2011 жылдың деңгейінен 200 есеге артқан. Олай болса алда транзиттік тасымал көлемінің артуына айрықша назар аударылуда. Өйткені қазіргі бәсекелестік жағдайда темір жолмен тауар тасымалы өзге көлік түрлеріне қарағанда, уақыт пен қаржы үнемдеуге әрі қауіпсіздігі жағынан да оңтайлы болып отыр. Оның үстіне тасымал баламалы теңіз бағыттарымен жоғары бәсекелестік жағдайында жүзеге асырылуда. Оған себеп жоқ та емес. Соңғы жылдары тасымалдаушылар теңіздегі жалдау ақысының мөлшерлемесін екі рет төмендетуге дейін барды. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті барынша арттыруға алып келді. Бұл транзиттік тасымалға деген бәсекенің енді қыза түскендігін көрсетеді. Тек ширақ қимылдап, ұтымды баға мен жақсы сервистік қызмет ұсынған елдер ғана ұтыста болатыны түсінікті. Ендеше, көп жағдай Қазақстан темір жолының транзит тартымдылығын дәлелдеумен қатар сервисті дамытуына тәуелді болмақ.