Аққыстау станциясында жүк артқан

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Аққыстау станциясы Ресей Федерациясының Астрахань бағытында Нарын, Исатай, Афанасьев, Дина Нұрпейісова, ал Атырау бағытында Махамбет станциясымен шектеседі. Еларалық жүктер алдымен осы станция арқылы өтетіндіктен шағын болса да көтерер жүгі салмақты. 

Станция Исатай ауданының орталығында орын тепкендіктен, мұнда келер жүк көлемі де қомақты. Теміржолдың бойымен тасылатын жүктің көлемі артып, ауданның экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Жергілікті халықтың негізгі тұтынатын тауарлары осы станцияға жеткізіледі. Құрылыс материалдары, азық-түлік, техникалық құралдар, мұнай өнімдері, халықтық тұтыну тауарлары, т.б. жүк көп және жыл өткен сайын оның түрі де, көлемі де артуда екен.

Станция бастығы Гүлнар Көшкенбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда тәулігіне 5-6 жұпқа дейін пойыз қабылдап-жөнелтіліп, 8-10 вагон жүк түсіріледі.

– Жүк көлемі жыл сайын артып, соған сай жұмыс ауқымы да ұлғаюда. Станцияның тасымал көлемі жоғарылауда. Басқа кәсіпорындарды айтпағанда, қазір тек «Сазанқұрақ» ЖШС жылына 1200-1300 вагон тиеледі. Жалпы станция бойынша «Сазанқұрақты» қоспағанда 15002000-дай вагон тиеліп-түсіріледі. Мәселен, Исатай ауданы бойынша биыл алпыс пәтерлік үш үйдің, кәсіптік мектеп ғимаратының, Жанбай мен Нарындағы автокөлік жолдарының, өрт сөндіру депосының құрылыстарына керекті құрылыс материалдарының бәрі теміржол арқылы жеткізілуде. Олардың қайсыбіріндегі жұмыс келесі жылы да жалғасатынын, сондай-ақ кәріз құрылысы аяқталысымен аудан орталығында 24 км автокөлік жолы құрылысы жүретінін, мұнай алаңдарына жолдар салынатынын, басқа да қолға алынар құрылыстар барын ескерсек, алдағы жылдың жүгі де арта түскелі тұр, – дейді Аққыстау станциясының басшысы Гүлнар Көшкінбаева.

Қазіргі уақытта станцияға бұрын болмаған ауыз су желісі де жүргізіліпті, жуырда вокзал үйіне де орташа жөндеу жұмысы жасалмақшы екен.